Жамбылда 48 адам мектеп асханасындағы тамақтан уланды
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы мектепте 46 оқушы және 2 мұғалім астан ұшынып, ауруханаға түсті. Бұл жағдайдан кейін білім ошағын ыстық тамақпен қамтамасыз еткен мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Мерей Бает, тілші:
- Аталған жайт Сарыкемер ауылындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында кеше болған. Таңғы ауысымдағы бастауыш сынып балалары ыстық тамақ ішкен. Содан түскі сағат 12-ден аса оқушылардың кейбірінің ыстығы көтеріліп, жүрегі айну, әлсіздік белгілерімен ауруханаға түскен. Аурухана мен мектеп ұжымынан 16 мобильді топ құрылып, сол ауысымда тамақтанған оқушының барлығының үйін аралап, тексеріп шықты. Ал аудандық орталық ауруханаға 48 науқас жедел жәрдеммен жеткізіліп, 35-і жатқызылды. Қазір олардың денсаулығы қалай? Бұл туралы бас дәрігердің сұхбатын жазып алған едік. Тыңдайық.
Жандос Рысқұлов, аудандық аурухананың бас дәрігері:
- Бүгінге жағдай тұрақты, шағымдары жоқ. Іш өту, жүрек айну, құсу бәрі жоқ. Сағат түнгі 3-ке дейін 350 бала көрінді. Олардың үйде жағдайлары бәрі жақсы. Оларды ауруханаға алып келген жоқ.
Мерей Бает, тілші:
- Қазір мектепте оқу процесі кесте бойынша жүріп жатыр. Алайда 80 жуық ата-ана балаларын сабаққа жібермеген. Ал асхана жұмысы толықтай тоқтатылып, бактериологиялық сараптама жүргізіліп жатыр.
Нұржан Календеров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Көбісі күріштен жасалған тағам жедік десе, кейбірі оны жемеген. Сол себепті тексеру көрсетеді. Қазір алдын ала ештеңе айтпай-ақ қояйын. Барлық жауапты азаматтардың жауапкершілігі қаралатын болады. Кеше полиция департаменті тарапынан қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталып кетті.
Мерей Бает, тілші:
- Балалардың нақты неден ұшынғаны әзірге белгісіз. Тексеріс жұмыстары 10 күнде аяқталып, облыс әкімдігі шешім шығармақ. Ал білім ошағын аспен қамтыған Тоқсейітов жеке кәсіпкерлігі облыс бойынша 82 білім мекемесімен келісімшарт жасасып, 25 мыңнан аса балаға ыстық тамақ беріп келген. Енді арнайы құрылған жұмыс тобы сол мектептердің бәрінде тексеріс жүргізбек.