Ақтөбеде құтқару қызметінің операторына қатысты сот ісі басталды
Оған көмек сұрап хабарласқан жеткіншектің қоңырауына «мән бермеді» деген айып тағылып отыр.
Еске салсақ, биыл наурызда облыс орталығында жантүршігерлік оқиға болған еді. Түн ішінде белгісіз біреу 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы баласын пышақтап кеткен болатын.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қоғамды дүр сілкіндірген сұмдық оқиға түн ішінде болған. Тергеу кезінде қылмыскердің пәтерді тонамақ боп кіргендігі айтылды. Полицейлер ұйқыда жатқан үй иелерінің оянғандығын көріп, күдіктінің пышақ ала жүгіргенін алға тартады. Қылмыскер анасы мен баласын өлтіріп, 13 жасар қызының мойнына да бірнеше жерден пышақ сұғып үлгерген. Сұлқ түскенін өлдіге санап, үйден шығып кетеді. Қазір бұл іске қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Қанды қылмыс болғанан кейін шамамен екі апта өте қолға түскен басты күдікті тергеу абақтысында өзіне қол жұмсап көз жұмды. Істің мән-жайын анықтау кезінде құтқару қызметінің кезекші операторы өлім аузында жатқан жеткіншектің өтінішіне құлақ аспағандығы да аян болды.
Оқушы қыз полицейлерге есін жиғаннан кейін 112 хабарласқандығын айтқан. Кезекші «ойынын доғаруды» талап етіпті. Талықсыған күйде тағы бір мәрте телефон шалып, мекенжайын айтса да құтқару қызметінің маманы жедел жәрдем жолдауға асықпаған.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Тергеу кезінде құтқару қызметінің операторы дәрігерлерге тек 55 минуттан кейін хабар бергендігі белгілі болды. Осыған байланысты Қылмыстық Кодекстiң 371-бабы, «Салғырттық» бойынша іс тергеліп жатыр. Кінәсі бұлтартпас айғақтармен дәлелденген жағдайда 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков