Екібастұзда техногендік төтенше жағдай жарияланды. Өңір жаңалықтары
Қазір елімізде құралайдың салқыны. Бетпақдалада киік төлдеп жатыр.
Екібастұзда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұған құбыр желісі бөлігінің опырылуы себеп. Орталық кәріз құбыры әбден тозып, салдарынан сызат пайда болған. Ақырында құбырдың жоғарғы бөлігіндегі топырақ опырылып түсті. Жөндеу жұмыстарына 5 млрд теңгеден астам қаражат керек.
Алматыдағы Бұтақты шатқалында республикалық «Алау - 2024» оқу-жаттығуы өтті. Мамандар таулы-орманды жерлерде өрт сөндіруге машықтанып, техниканың дайындығын тексерді. Іле-Алатауы табиғи паркінің аумағы - 200 мың гектар. Былтыр рұқсат етілмеген орындарда от жаққан 49 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
Шымкентте тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Өрт сөндірушілер орман-дала алқаптары отқа оранатын болса, батыл тойтарыс берудің әдіс-тәсілдерін пысықтады. 300 құтқарушы 80 техниканың көмегімен өршіген өртті сөндірді. Әуе арқылы барлау жасап, жоғары температураны бақылауға арналған заманауи құрылғыларды пайдаланды.
Құралайдың салқыны өтіп жатыр. Киік төлдейтін уақытта киелі жануарға табиғат жәрдем болады. Бірақ браконьерлер айылын жияр емес.
Қызылорда және Ұлытау облыстарының шекаралас аумағы - киіктің миграциялық жолы. Табиғат инспекторлары рейд барысында екі ақбөкенді жайратып тастаған күдіктілерді ұстаған. Олардан мылтық пен оқ тәркіленді. Жалпы жыл басынан бері өңірде заңсыз киік атуға қатысты 15 дерек тіркелген.