Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында дала өрті кезінде өртсөндіруші қаза тапты

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дала өртін сөндіру кезінде төтенше жағдай қызметкері қаза тапты. 33 жастағы аға өртсөндіруші Хайрат Хали азаматтық қорғау саласында 2014 жылдан бері еңбек еткен. Бұл жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Кеше тұтанған қызыл жалынды сөндіру жұмыстары әлі жалғасуда. Екпінді жел және өрт ошақтарына барар жолдардың болмауы жағдайды қиындатуда. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, өртті жою жұмыстарына 4 әуе кемесі жұмылдырылды. Оған қоса 600-ден астам адам мен 110 техника жұмыс істеуде.

Еске салсақ, 6 қазанда Қарқаралы ауданында құрғақ шөп алқабы жанған. Желдің күштілігінен тілсіз жау Павлодар облысының Баянауыл ауданы аумағына өткен.

Құтқарушылар Желтау елді мекенінің 18 тұрғынын қауіпсіз жерге көшірді. Онда арнайы штаб жұмыс істеп жатыр. Өрт кезінде зардап шеккен тағы 4 адам  қазір ауруханада жатыр. Олардың 2-уі - өртсөндіруші, біреуі - көмекке жұмылдырылған ерікті және ауыл тұрғыны. Алдын ала есеп бойынша өрт 3000 гектар жерді шарпыған.