Қостанай облысындағы өрттен 5 бала көз жұмды
Қостанай облысы Жітіқара қаласында болған өрт оқиғасы Бас прокуратураның жіті назарында. Бүгін таңертең жер үй өртеніп, бес бала қаза тапты. Бесеуі де кәмелетке толмаған. Қызыл жалынның құрбаны болған балалардың ең кішісі бір жаста. Өрттен үйдің үлкені, 13 жастағы жасөспірім ғана аман қалған. Баспана таңғы 4:30-да отқа оранып, шатыры опырылып түскен. Құтқарушылар жеткенше үй толық жанып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың шешесі кешкісін танысына кеткен. Ал әке түзету мекемесінде отыр. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Техникалық зерттеу жүргізіліп жатыр.
Өміржан Тұқышев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келгенде үй толығымен отқа оранған. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді. Үйінділерді тазарту барысында 5 баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған бала ғана аман қалған. Қазір оқиғаның себептері анықталуда.