Ақтөбе облысындағы тікұшақ апаты: офицерлер палатаға ауыстырылды
Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатынан аман қалған офицерлер жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, - дейді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбі күні Мәртөк ауданының Сарыарқа ауылы маңында Қорғаныс министрлігіне тиесілі Ми-8 тікұшағы апатты жағдайда қонып, жанып кеткен болатын. Бортта болған нұсқаушы офицер Батыр Оразымбетов оқиға орнында қаза тапты. Экипаж командирі Бейбарыс Ыбраев пен аға ұшқыш-нұсқаушы Рүстем Нығметов облыстық көпсалалы ауруханаға жатқызылған еді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Мақсұт Оразжанов, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Астанаға телемедицина арқылы кеңес алып, сол кісілермен сөйлесіп, келістік. Бүгінгі таңда екі науқастың да жағдайлары орташа. «Комбинированный жарақат»,-дейді. Бас миының шайқалуы, кеуде соғылуы, іш құрылыстарын соғып алған. Бүгін енді жағдайлары қалыпты болғандықтан, палатаға көшіреміз.