Қазақстандықтар арқалаған айыппұлдар толық кешірілуі мүмкін

  • 10
  • 18.03.2026, 21:53

Жаңа Конституцияға сәйкес енді сүйінші жаңалықтар көбейеді. Алдағы уақытта қазақстандықтар арқалаған айыппұлдар ішінара және толық кешірілуі мүмкін. Ол елімізде қолданылатын алғашқы әкімшілік рақымшылық аясында жүзеге асады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі Істер министрі мәлімдеді. Денсаулық сақтау заңнамаларына енгізілетін өзгерістер нәтижесінде медицинаның қолжетімділігі артады. Жаңа өзгерістер білім беру, ғылым тағы сол секілді көптеген салалардан бөлек Алатау және Астана қалаларына да қатысты болмақ.

Ата Заң қабылданды, алашапқын басталды. Енді Үкімет пен Парламент үзеңгілесіп, бір-біріне айырылмастай бауыр болатын түрі бар. Енді ше? 5 конституциялық заң қабылдап, қолданыстағы сегізін жаңалап, 60-тан астам заң мен кодекстерге түзету енгізу міндеті тұр. Тез арада.

Әуелгі әңгіме, Ата Заң қолжетімді болуы тиіс. Жаппай басып шығармақ керек. Электрондық платформалар да менмұндалауы шарт. Білім беру саласында оқу әдістемелік нұсқаулар мен құралдар қаптап тұруы қажет. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өз алдына үлкен міндет. Премьер-министр мерзімді атады.   

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 

- Мәдениет және ақпарат министрлігіне бір апта ішінде тиісті ақпараттық жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырамын. 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін Конституцияны жаппай таралыммен басып шығарып, мемлекеттік органдарға, білім беру, мәдениет ұйымдарына, кітапханалар мен сауда орындарына жеткізу керек. 

«Жаңа Ата Заң әлеуметтік саясатты Мемлекеттік кепілдендірумен ғана шектемей, жаңа мазмұнмен толықтыруға түрткі болып отыр»,- дейді вице-премьер Аида Балаева. Енді адами капиталды дамытуға, білім беруге, ғылым мен инновацияларға басымдық берілмек. Ал халық денсаулығы кодексіне енгізілетін өзгерістердің ақжолтай ақпарат екені анық. 

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:

- Тегін медициналық көмекті қаржыландыру көздері артады. Яғни бұрынғыдай тек мемлекеттік бюджетке ғана сүйенбей, бұл іске қайырымдылық қорлар, халықаралық ұйымдар және ірі компаниялар да атсалысады. МӘМС рөлі арта түспек. Азаматтар жоспарлы әрі күрделі медициналық қызметтердің басым бөлігіне осы сақтандыру есебінен қол жеткізеді. 

Тағы бір маңызды мәселе. «Азаматтардың дербес деректерін қорғау күшейтіледі»,- дейді жасанды интеллект министрі. Айтуынша енді дербес деректердің жаппай тарап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және әкімшілік айыппұл шегін 5 мың АЕК-ке дейін арттыру қарастырылуда.

Астана мен Алатау қалаларының бағы бес елі. Олардың мәртебесі конституциялық заңмен бекітілмек. Алатауда озық халықаралық стандарттарды енгізу, пилотсыз көлік пен цифрлық активтерді дамыту жоспарлануда. Заңда Астананың да сыбағасы бар. Ол:

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі: 

- Елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Қалалық ортаның сапасын, қала тұрғындарының өмір сүруінің жайлылық деңгейін және мемлекеттік басқарудың тимімділігін арттыруға ықпал етеді. 

ЮНЕСКО мәліметтеріне сенсек, қазіргі мектеп оқушыларының 60 пайызы енді пайда болып жатқан немесе әлі пайда болмаған кәсіптерде жұмыс істейтін болады. Демек өзгеріс қажет. Жаңа Конституцияға сәйкес білім беру саласына да сілкіністер келмек.  Оның бісмілләсі бастауыш білімге дербес мәртебе беруден басталады. Оқу ағарту министрі баяндағандай білім беру стандарттарын қайта қарайтын уақыт келді. Мәселен, оқулықтар заман талабына қарай жетілдіруге сұранып тұр. 

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

-2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады. 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылады. 10-11 сыныптардың оқулықтары қайтадан басылады. Ал 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ.

Жоғары білім мен ғылым саласын да өзгерістер күтіп тұр. Келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарын объективті индикаторлар мен көрсеткіштер негізінде бағалауды қарастыратын ЖОО-лардың ұлттық рейтингі енгізіледі. Ғалымдардың айдарынан жел есетін уақыт таяп қалды. Ғылым саласын заманауи дамытуға баса мән берілмек. Оны ілгерілетуі тиіс заң Парламент қарауына жолданды. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

-Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі туралы жеке тарау, сондай-ақ жас ғалым ұғымы енгізілетін болады. Ұлттық ғылым академиясының одан да рөлін күшейту, енді ҰҒА жоғары ғылыми ұйым ретінде бекітіледі. Және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатарына енгізіледі. 

Заң мен тәртіп. Оны қамтамасыз ету саласына ЖИ-ді белсенді енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ қалың көпшілік үшін сүйіншіге бергісіз ақпарат. Алдағы уақытта елімізде тұңғыш рет әкімшілік рақымшылық шарасы іске асырылмақ. Қарапайым тілмен айтсақ азаматтардың айыппұлдары кешіріледі. 

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

-Жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарлануда. Мұндай адамдардың санаттары, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті органдармен толық пысықталатын болады. 

Өз кезегінде Үкімет басшысы бұл бастаманы қолдайтынын білдіріп, екі аптада оны іске асыру ретін пысықтауды тапсырды. «Жалпы ауқымды жұмыстар бойынша іс-жоспарлардың дені 1 сәуірге дейін, кейбірі келесі айдың соңына шейін дайын болуы қажет»,- деп түйіндеді Олжас Абайұлы. Шамасы Үкімет те бүгіннен бастап 24/7 жұмыс тәртібіне көшетін сияқты.

Берік Дүйсенбай, Бауыржан Ебелеков