22 маусым – тек сұрапыл соғыстың басталған азалы күні емес, сонымен қатар тарихты терең зерделеп, сансыз құрбандықтың салдарынан ұрпаққа бейбіт өмір сүру құқығын сыйлаған жандарға алғыс білдіру күні.
Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Беларусь Республикасының Брест қаласында өткен «Ұлы мұра – ортақ болашақ» атты халықаралық форумында айтты. Шара Ұлы Отан соғысы басталуының 85 жылдығына арналған.
Брест – фашистік Германияның жасаған шабуылын алғаш қабылдаған қала. Мәжіліс спикері қамалды қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне ерекше тоқталды және Беларусь жерінде қаза тапқан отандастарымыздың есімін жаңғырту бағытындағы қазақстандық тарихшылардың еңбегін атап өтті. Елді азат ету үшін болған шайқастарға 120 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Олардың әрбір бесіншісі сондай жерде жерленген. Беларусь жерінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 84 қазақ жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Депутаттар «Қаһарман Брест қамалы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Музейге Ұлы Отан соғысының батыры, қазақ ұшқышы – Хиуаз Доспанованың мүсінін сыйға тартты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Брест қамалын Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген жауынгерлер қорғады. Гарнизондағы жеті мың әскери қызметшінің шамамен мыңға жуығы Қазақстаннан келген сарбаз. Олардың барлығы дерлік осы жерде қаза тапты. Бүгінде әлем жаңа сын-қатерлерге тап болып отырған кезде біздің ортақ міндетіміз – тарихи жадымызды сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу. Былтыр Астанада өткен әскери парадта сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс туралы ақиқатты сақтау маңызды екенін атап өтті. Өйткені шындықты білмейінше, бейбітшіліктің бағасын түсіну мүмкін емес.