Заң мен тәртіп, әділетті қоғам, адам капиталын дамыту, цифрлық державаға айналу, экономикада бетбұрыс жасау және оның ғылымға иек артуы сияқты мың сан міндеттерді Мемлекет басшысы ұдайы айтып келеді. Бұл жоспарлардың әрқайсысы өз алдына бір реформаға арқау болса, барлығын бір бүтін конструкт ретінде қарастырсақ, Қазақстан деген мемлекетті көреміз. Елу жылда ел жаңа, жаңа Қазақстанды құруға өзек құжат қажет. Ол күшіне енген жаңа Конституция. Еліміздің басты құжатты алдағы онжылдықтарда мемлекеттің, қоғамның даму бағдарын айқындауы тиіс. Үкімет осы өзгерістердің нақты қандай шаралармен айшықталатынын талқылады.
Премьер-министр барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталды деп бастады жиынды. Оның стратегиялық мәнін бір сөзге сыйғызсақ былай:
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президент жаһандық өзгерістердің көшін қуып жетумен ғана шектелмей, жаңа экономикалық ахуалды қалыптастыратын белсенді қатысушыға айналуымыз керек екенін атап өтуде. Жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы дәл осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Ал олардың түп негізінде жаңа Конституциямыз тұр.
Жаңа конституциялық модельге көшудің нормативтік базасы жасалды. Үлкен жұмыс. Әділет министрі Ерлан Сәрсенбаев баяндағандай 5 дербес конституциялық заң қабылданып, қолданыстағы 9 конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң оған сәйкес келтірілді. Бұл Парламенттің бірпалаталы модельге көшуіне және Құрылтайға сайлау өткізудің құқықтық негізін де қамтамасыз етіп отыр.
Айрықша өзгерістердің бірі ретінде мәдениет, ғылым мен білімнің стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өту керек. Алғаш рет ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамыту мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітіліп отыр. Енді елдегі 25 мыңнан астам тарихи мәдени ескерткішті мемлекет қызғыштай қорғайды. Архив, ақпаратқа қолжетімділік және қоғамдық кеңестер туралы 3 заңға өзгеріс енсе, Ата Заң талаптарына сәйкестендіру үшін 18 заңға түзетулер жасалды. Атап айтқанда:
Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары - ҚР Ақпарат және мәдениет министрі:
- Сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстарды өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық, мәдениет, кинематография бойынша, сондай-ақ Конституциядан тікелей туындайтын өзге де заңнамалық өзгерістер енгізілмек.
Экономикалық блок та бетбұрыс алдында тұр. Президенттің оны жаңа модельге көшіру тапсырмасы қат-қабат шараларды қамтығанымен, басты бағдар халықтың табысын арттырып, қарызын азайтуға бағытталған.
Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
- Айлық жалақының ең төменгі мөлшерін, азаматтық қызметшілердің жалақысының, жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру мәселесі қаралатын болады. Халықтың кредиттік жүктемесі мәселесіне және тұтынушылық кредиттердің өсуіне ерекше назар аударылды. Үкіметтің басты бағдары халықтың нақты табысының 2-3%-дан жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету болып саналады.
Оның басты шарты эконономиканың тұрақты өсуі десек, қаңтар-мамыр айларындағы өсім – 3,7% пайызға жеткен. «Бөрікті аспанға ататын емес, бірақ сапалы өсім», - дейді Жұманғарин.
Шикізаттық емес секторлар аяққа тұрып келеді. Тағы бір стратегиялық міндет – әлбетте цифрландыру. Ұлттық жасанды интеллект платформасы жұмысын бастады. E-Otinish AI-де жасанды интеллект қолдану арқылы азаматтардың 2 миллионнан астам өтініші өңделді. QazTech бірыңғай платформасы толық іске қосылды.
Жаслан Мәдиев, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Биыл әлемдік деңгейдегі ЦОД алқабының құрылысы басталды. Оның мақсатты қуаты кем дегенде 1 гигаВатт болады. 2028 жылға қарай ауылдардың 92%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. 20 ірі қалада 5G желісі дамып келеді. Ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын гипермагистральдың құрылысы жалғасуда, ол 40 мың шақырымдық республикалық және облыстық жолдарды байланыспен қамтамасыз етеді. Спутниктік интернет арқылы ел аумағын толық қамту көзделген.
Аса маңызды стратегиялық сала – энергетика. Экономика көлемі мен халық санының өсуі себепті қазір қуат көздері тапшы. Айқын мысал, былтыр рекордты 123 млрд кВт сағаттан астам электр энергиясы өндірілген, бірақ тұтыну 124,6 млрд кВт сағат. Алдағы 3 жылда қосымша 13,3 ГВт қуат көзін қосу жұмыстары басталды. Оның жемісін көретін күн алыс емес.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін кейіннен профицитін қалыптастыруға 2029 жылға дейін экономиканың, сондай-ақ халықтың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі де ақжолтай ақпаратпен бөлісті. Биылдың өзінде құны 1,7 трлн теңге жуық 200 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
Жыл басынан бері 5 айда құрылыс саласы 13,5 пайызға жуық өсім беріп отыр. Көлік саласы туралы біз өткен аптада толықтай жеке тақырып арнағанбыз. Десе де бірауыз сөзбен тілге тиек етсек, биыл 10 мың шақырым жол мен 124 теміржол вокзалы жөндеуден өтеді. Дарбаза Қызылжар, Мақтарал – Дарбаза теміржол желілерінің құрылысы аяқталып, жүк тасымалы артады. Елді жаңартудағы басты бағыттардың бірі адам капиталын дамыту болса, оның нақты қадамдары мектептерден басталмақ. Жаңа Ата заңда бастауыш білімге алғаш рет конституциялық мәртебесі берілді. Базалық пәндерді оқыту әдістемелерін ілгерілетуден бөлек тыңнан міндетті курстар қосылмақ.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- 5-7 сынып оқушылары үшін Конституция негізі пәндері енгізілді. 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылатын болады. Сонымен бірге 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізілді.
Жоғарғы білім саласында да адами капиталды дамыту мақсатында нақты қадамдар басталды. Ол білім беру бағдарламалары мен озық стандарттар, ғылыми инновация және мамандарды нарықтың сұранысына қарай даярлау сияқты міндеттерді қарастырады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Жаңа Конституция кадрлар даярлау жүйесін экономиканың сұранысына бағдарлауды күшейтеді. Бұл жерде еңбек нарығына кешенді зерттеу жасалды. Соның нәтижесінде 700-ден астам білім беру бағдарламалары жабылады. Бірнеше жүз бағдарлама жаңадан қарастырылады. Өндіріс орындары базасында оқыту кеңейтіледі.
Үкімет басшысы болса сайып келгенде, осы қадамдардың барлығы халықтың өмір сапасын арттыру мұратынан туындағанын алға тарта отырып, қазіргі күні елдің әл-ауқатын арттыру мәселесін еске салды. Мәселен, инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейде ұстап тұру және онымен сабақтасып жатқан сан саланы қамтитын міндеттерді кезек күттірмей орындау қажет.
Айдос Меделбеков