Бірпалаталы Құрылтайдың қызметіне не кірмек?

  • 56
  • 01.07.2026, 19:36

Жаңа Ата заңда Преамбула, 11 бөлім мен 95 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бап жаңарды. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ы өзгергенін білдіреді. Ол қандай өзгерістер? Бірпалаталы Құрылтайдың қызметіне не кірмек?

Конституциядағы өзгерістер мемлекеттік құрылымды реформалаудан басталғалы отыр. Күні кеше екіпалаталы парламент қызметін тоқтатты. Енді Ата заңға сәйкес, оның орнына жоғары заң шығарушы орган ретінде бірпалаталы кәсіби Құрылтай құрылады. Депутат саны 145 болады. Жаңа парламенттегі депутаттардың 5 жыл мерзімге партиялық тізім бойынша ғана өтуіне мүмкіндігі бар. Үміткер мандат алу үшін 25 жастан асуы және соңғы 10 жылда елде тұрақты тұруы міндетті. Бастысы, Президент квотасы енгізілмейді, яғни арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмайды. Әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған партиялық квота ғана сақталады.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты:

- Парламент Мәжілісінде өзінің комитеттері бар, сол сияқты Сенатта да сол комитеттер бар. Ол комитеттер бір-бірін қабылдайды. Қабылданатын заң Парламент Мәжілісі қабырғасында 6-8 ай талқылауға түседі. Одан кейін Сенатқа жіберіледі. Одан кейін Сенаттың комитеттері қайтадан қарайды. Алып-қосарлары болса бізге қайта қайтарады. Біз оны пленаркада қайта қарап, қайта Сенатқа жібереміз. Осының бәрі уақыт оздырып жатыр. Бірпалаталы Парламентте 3 оқылымнан кейін бірден ол Президентке Жарлыққа кетеді.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясы да аяқталды. Ата заңда оның орнына Қазақстанның халық Кеңесін құру бастамасы енгізілді. Онда сала мамандары ғана емес, азаматтық қоғамның барлық өкілдері бас қосуға мүмкіндік алады және қоғамның заң шығару үдерісіне тікелей қатысуы артады. Консультативтік кеңесші органға 126 адам мүше болады.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты:

- Парламенттің орнына құрылып жатқан Құрылтай – заң шығарушы орган. Ал Халық кеңесі – ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, оларды талқылайтын, саралайтын және сол бойынша өз ұсыныстарын Үкіметке әрі заң шығарушы Құрылтайға жолдайтын орган.

Енді вице-президент лауазымы пайда болады. Оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды. Вице-президент халықаралық аренада, елдегі басқару құрылымдарында Мемлекет басшысы атынан сөз сөйлеуге құқы бар. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі. Сондай-ақ бүгіннен бастап адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіліп, олар сот процесіне прокурорлармен тең жағдайда қатысу мүмкіндігін алады.

Құралай Жұмахан, Нұрсұлу Нұртаева