Астанада сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізілді

  • 5
  • 06.08.2026, 19:41

Астанада мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне қатысты мониторинг жүргізілді. Құрамында сайлау комиссиясы мен бірнеше қоғамдық бірлестік мүшелері бар жұмыс тобы елордадағы бірқатар пунктте болды. Мәселен, №96 мектебіндегі 172-ші және 181-ші сайлау учаскелерінде дауыс беру жағдайымен танысты. Мұнда арбамен жүретін адамдарға арналған пандус, көмекші шақыру түймесі, ғимарат ішінде арнайы жолақтар бар. Бюллетень толтыруға арналған бөлмелер де жасақталған. Учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйден дауыс беруге жағдай жасалады. Ал екі пункт бойынша шамамен екі мың сайлаушы тіркелген. Олар негізінен Мәңгілік ел, Ұлы дала, Гейдар Алиев және Ақ мешіт көшелерінің тұрғындары. Жұмыс тобы сайлау учаскелеріне қатысты мониторингті белгіленген кестеге сай жүргізіп жүр. 

Елена Швецова, қоғамдық қордың атқарушы директоры:

-Біздің ұйым сайлау барысын, соның ішінде дауыс беру учаскелерінің мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімділігін қадағалайды. Азаматтардың еш кедергісіз учаскелерге келіп, өз таңдауын жасауы өте маңызды. 

Зухра Бекенова, №181 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары:

-Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы бізде пандустар қойылған, өзінің арнайы кабинкасы болады. Соның ішінде жарықтандырылған болады. Құлағы естімейтін жағдай болатын болса, наушниктері бар. Сосын көзі көрмейтін болса, осындай лупасы бар. Сонымен қатар осындай арнайы трафареттері, соларды басу арқылы олар дауыс бере алады.