Жалпы Бішкекте өтетін бұл жолғы жиынның жөні бөлек. Ұйымға 25 жыл толып отыр. Мерейтойлық саммитке келетін меймандардың да салмағы ерек. Қытай мен Түркия, Ресей мен БҰҰ-ның бас хатшысы қатысатын жиында нендей мәселелер талқылануы мүмкін?
Бұл күндері Бішкектің үлкен оқиғаға дайындалып жатқанын аңғару қиын емес. Қаланың реңкі өзгеріп, қауіпсіздігі күшейтілді. Мерейтойлық саммитке қатысатын қонақтар тізімі ауқымды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Си Цзиньпин, Режеп Ердоған, Владимир Путиннен бөлек Бішкекке барлығы 17 мемлекеттің өкілдері жиналады. Қатысушылардың арасында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те бар.
Күн тәртібіндегі алғашқы шара ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының отырысы болмақ. Дәл осы отырыста ШЫҰ-ның ширек ғасырдағы қызметі қорытындыланады. 1996 жылы «Шанхай бестігі» болып құрылған бірлестік еселеп өсті. Мүше мемлекеттер саны онға жетті. Ұйым елдерінде үш жарым миллиардқа жуық адам тұрады. Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен үштен бірі тиесілі.
Жансейіт Әлімсұлтан, саясаттанушы:
- Орталық Азия – ШЫҰ-ның өзегі. Соңғы 25 жыл ішінде шекараны делимитациялау мен демаркациялауға қатысты барлық мәселелер шешілді. Ынтымақтастықты арттырып, ақпарат алмасудың тиімді тетігі қалыптасқан. Басты бағыттардың бірі – терроризмге қарсы күрес. ШЫҰ-ның Терроризмге қарсы өңірлік құрылымы Ташкентте орналасқан және ол жұмысын бастағалы бері қауіп сейілді. Бұл ең елеулі нәтиже.
Үлкен саясаттың ар жағында экономикалық мүдде де тұр. Қазақстан үшін бұл, ең алдымен, көлік бағыттары, атап айтқанда - Орта дәліз. Соңғы жеті жылда бұл бағыттағы жүк тасымалы бес есе өсті. Бірақ әлеуеті әлі де толық пайдаланылған жоқ. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2030 жылға қарай осы бағыттағы сауда ағынын үш есеге арттыруға болады.
Әйгерім Бақтиярова, саясаттанушы:
-2000-жылдардың басында ШЫҰ сепаратизмге, экстремизмге және терроризмге қарсы тұру мақсатында құрылған болатын. Қазіргі таңда оның эволюциясы энергетика, экономика және мемлекеттердің транзиттік әлеуетін жүзеге асыру мәселелерін қамтып отыр. Қазақстан «Орта дәліздің» (Транскаспий маршруты) әлеуетін арттыруға мүдделі. Бұл тек Қазақстан үшін емес, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы үшін де маңызды. Сондай-ақ Әзербайжан, Түркия және Еуропа елдері де бұл жолдың дамуын қолдайды».
-10 жылдан астам уақыт бойы ШЫҰ Даму Банкін құру талқылануда. Өткен Тяньцзинь саммитінде ҚХР бұл бастамаға қосымша серпін берді. Сондай-ақ ШЫҰ инвестициялық қорын құру талқылануда, бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан болатын. Банкті немесе қорды құру туралы шешім ұйымның жаңа биіктерге шығуына негіз болады.
Мүше мемлекеттер жиынынан соң «ШЫҰ Плюс» форматындағы кеңейтілген кездесу өтеді. Келіссөздердің басты тақырыптарының бірі – қауіпсіздік. Мемлекет басшылары терроризм, экстремизм, трансұлттық қылмыс, есірткі тасымалы және киберқауіптерге қарсы бірлескен іс-қимылды күшейту жолдарын талқылайды.
- Қазақстан ұйымның негізін қалады. Астана сындарлы ұсыныстар әзірлеу үшін дәстүрлі орталық болып табылады. Елордада өткен соңғы саммитте Қазақстан ШЫҰ-ны одан әрі дамыту бойынша бірқатар бастамалар көтерді.
Кез келген ұйым құрамы ұлғайған сайын ортақ мәмілеге келу күрделене түсетіні бар. Соның айқын мысалы - Үндістан мен Пәкістан. ШЫҰ-ның ерекшелігі де осында. Қатысушы елдер арасындағы қайшылықтар сақталғанымен, түткілдерді тікелей талқылайтын ортақ алаң бар. Ертең көшбасшылар Бішкекте тағы да бір үстел басына жиналады. Ол туралы сәл кейінірек.
Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков