ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталары тапсырылды
Ақордада өткен салтанатты рәсім кезінде алдымен Мемлекеттік рәміздерімізге құрмет көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия, Болгария Республикаларының және Сауд Арабиясы Корольдігінің елшілерін Қазақстандағы дипломатиялық жұмыстарының ресми басталуымен құттықтап, олардың ізгі миссияларына табыс тіледі. Салтанатты шара барысында Президент әрбір елшімен жеке-жеке сөйлесті. Мемлекет басшысы екіжақты серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Уфук Экиджи, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан – біз үшін бауырлас әрі серіктес мемлекет. Елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға барлық күш-жігерімді саламын. Екі мемлекет барлық салада тығыз байланыс орнатқан. Біз инвестиция және сауда-саттық салаларын одан әрі ілгерілетуге жіті мән беріп отырмыз. Мен үшін бауырлас елде қызмет қылу – үлкен мәртебе.
Боян Хаджиев, Болгария Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен үшін бұл – жауапты қызмет. Жақында Болгария Президенті Қазақстанға ресми сапармен келеді. Мемлекет басшыларының кездесуі екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамытуға септігін тигізбек. Бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
Абдулазиз Абдулла Алдауд, Сауд Арабиясы Корольдігінің ҚР Төтенше және өкілетті елшісі:
- Сауд Арабиясы Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Біздің тарап тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын.