Хабар телеарнасы

Түркістанда қоғамдық көлік мерекеге қарамай жұмыс істейді

Түркістанда қоғамдық көлік қызметі жаңажылдық мерекеге қарамай жұмыс істейді. Себебі мейрам күндері қала тұрғындары бір-біріне қонаққа барып, қоғамдық көліктің қызметін пайдаланады. Оның үстіне жаңа жылға қарай қалаға келетін меймандардың да саны артады. Сондықтан жолаушыларға қызметін көрсететін мекеме мамандары үзіліссіз қызмет етуге әзірміз, - дейді.

Түркістан қаласының тұрғыны Сұлтанбек Серікбайұлы 16 жылдан бері қоғамдық көлікті тізгіндеп келеді. Таңғы 5-тен тұрып, ас-ауқатын ішеді. 6-да жұмысқа шығады. Екі баланың әкесі мереке күндері де еңбек етеміз,- дейді.

Сұлтанбек Серікбайұлы, автобус жүргізушісі:

- 2 күн істеп, 2 күн демаламыз. «Мереке, мен демалуым керек, мен жұмысқа шыға алмаймын» деген әңгіме жоқ. Күніне алты рет айналып келеміз, сонда 12 рейс шығады. 9:11-де тоқтаймыз. Таңға дайындаймыз. Майын құямыз. Қайтамыз деп жүрген кезде уақыт 23:30-00:00 болады. Жаңа жылда барлық Қазақстан халқына жақсылық тілеймін. Аман болсын, сәттілік, шаршамаңыздар!

Мереке болғандықтан, қоғамдық көліктің қызметін пайдаланатындар көп. Жас та, кәрі де мінеді. Бірақ барлығының жүзінен жаңажылдық көңіл күйді байқауға болады. Бірі қонаққа асықса, енді бірі концертке бара жатыр. Аязатаға сенбесе де, Жаңа жылдан жақсылық күтеді.

Айгүл Қарабекова, қала тұрғыны:

- Конгресс-холлға концертке бара жатырмыз. Жүзімізден күлкі кетпесін, дастарханымызда нан көп болсын. Ақ мол болсын.

Көпшілікке қызмет көрсеткен соң қоғамдық көлікке неше түрлі жолаушы  мінеді. Ал оның бәрінің көңілін тауып, діттеген жеріне жеткізу – Сұлтанбектің басты мінеді.

Түркістан қаласында соңғы 3 жылда қоғамдық көліктер түгелдей  жаңартылды. Биыл жаңадан 40 автобус сатып алынды. Шаһарда 194 автобус 22 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. 300-ге жуық жүргізуші тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ардақ Бақдәулет, қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы:

- Жұмыс күндері қоғамдық көліктер қандай кестемен қызмет етсе, алдағы мейрам күндері еш өзгеріссіз толыққанды кестемен қызмет көрсететін болады. Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз.

Қалада жолаушыларға 2 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. Олар сапа стандарттарына сай, сыйымдылығы жоғары автобустармен қамтылған. Қоғамдық көліктер заманауи үлгідегі видеокамералармен, дербес ауа баптағыштармен, электронды билет шығаратын құрылғылармен жабдықталған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш