Хабар телеарнасы

Ақтаудағы ұшақ апаты: қара жәшік Бразилияға жіберіледі

Бакуден Ақтауға шыққан ұшақ апатқа ұшырай жаздады. Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, оқиға таңғы 09:04-те болған. Ұшақтың тұмсығында ақау шыққан. Ұшақ сәтті қонды. Бортта жолаушылар болмаған. Аэродром және жерүсті қызметтері ұшақты ұшып-қону жолағынан сүйреп шығарды. Әуежай жұмысы қалыпты.

Ал Ақтауда 25-желтоқсан күні апатқа ұшыраған Еmbraer ұшағының «қара жәшігі» Бразилияға жіберіледі. Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия осындай шешімге келді. Қара жәшік Сenipa орталығындағы зертханада мұқият зерттеледі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.

Айта кеткен жөн, біз 1992 жылы ратификациялаған Чикаго конвенциясының 13-ші қосымшасына сәйкес, тергеу жүргізетін мемлекет, қара жәшіктегі деректерді өзі айқындауға немесе басқа мемлекетке жіберуге құқылы. Бұл құжаттың негізінде, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарын ескере отырып, Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе келе, осындай шешім қабылданды.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Бұл Бразилияда жасалған ұшақ. Сол себепті бұл ұшаққа байланысты барлық компетенциясы бар, «қара жәшіктегі» барлық ақпаратты оқу үшін барлық тиісті құрылғылары бар зертханасы бар болған соң осындай шешім қабылданып отыр. Бұл бір жағынан тергеу жұмыстарын оңтайландыру үшін, ал екінші жағынан бұл апатқа қатысы бар барлық мемлекеттердің, барлық тараптардың мүддесін де ескере отырып, орын алып отыр.

Еске салсақ, Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндеті жүктелген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл ретте ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу маңызды. Бұдан бөлек, елдегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйін мұқият тексеру қажеттігін мәлімдеген.