Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді
Бұл саяси оқиғаға тек Nur Otan партиясының ғана емес, басқа да партияның мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері де қатыса алады.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Саяси кеңестің кеңейтілген отырыстарында орта қол мәселе көтерілмейтіні анық. Тіпті мұндай отырыстарда қабылданған шешімдер тұтас партияның саяси қадамдарын айқындап берген сәттер де болған. Мысалы 2015 жылы партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын жариялаған болатын. Соның негізінде партияның сайлауалды құжаты қабылданып, 2016 жылы дәл осы құжатпен партия парламенттік сайлауға түскен.
Парламенттік сайлау демекші, Парламенттің төменгі палатасы Мәжілістің кезекті сайлауына бір жылдан аз уақыт қалды. Демек, алда саяси бәсеке қыза түседі. Электоралды жұмысқа әзірлік, жаңа партиялық тізімге кандидатураларды іріктеу секілді жұмыстар жақындап келеді. Яғни еліміздегі жетекші партия Nur Otan үшін жауапты кезең басталды деген сөз.
Жаңа партиялық тізімге кандидатураларды іріктеу барысында биыл жаңа жүйе қолданысқа енгізіледі. Алғаш рет ішкі партиялық іріктеу, яғни праймериз өткізіледі. Праймериз – партияның ішіндегі сайлау, яғни партия атынан түсетін сапалы кандидаттарды іріктеу жүйесі. «Primary» сөзі ағылшын тілінен аударғанда, «алдын ала» дегенді білдіреді. Әдетте мұндай жүйе демократиясы әбден дамыған елдерде сайлауалды науқанның ең бір маңызды әрі қызықты кезеңі болып саналады. Әсіресе Американың саяси жүйесі осы әдісті өте ұтымды қолданады.
Сарапшылар бұған дейін де партияның праймериз жүйесіне өту тәжірибесі туралы пікір білдірген болатын. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл жүйе біріншіден, Nur Otan партиясына лайықты әрі бәсекеге қабілетті адамдарды тартуға көмектеседі. Екіншіден, бұл жүйе партияға деген сенімді күшейтеді. Жалпы саясаткерлердің өздері праймериз жүйесін үлкен бұқаралық саяси мектеп ретінде мойындайды.