Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкімін қабылдады
Президенттің қабылдауында Алтай Көлгінов елорданың қазіргі тынысын баяндап, өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласының дамуы жөніндегі кеңесте Президенттің берген тапсырмаларының орындалу барысын айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді. Солардың негізгілері: әлеуметтік бағдарламаларды кедергісіз жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және шағын және орта бизнеске қолдау көрсету. Сондай-ақ Мемлекет басшысы назар аударған тағы бір мәселе – үлескерлер проблемасы.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Үлескерлердің мәселесін Президент өз бақылауында ұстап отыр. Биылғы жоспарды және алдағы уақытта бекітілген жоспарды аяқтау жөнінде тапсырма берді. Соған тиісті қаражат бөлінеді. Мысалы, өткен жылы біз 10 тұрғын үйдің табыстаған болсақ, бұл 2,5 мыңға жуық үлескерді құрайды. Биыл біз одан 2 есе көбейіп, жоспарға сәйкес 20 үйді аяқтайтын боламыз. Сонымен бірге қолжетімді баспана жөнінде Президент нақты тапсырма берді. Әсіресе біздің әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарды, бірінші кезекте аз қамтылған отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтуды тапсырды. Оны біз орталық мемлекеттік органдармен бірігіп орындайтын боламыз. Одан бөлек қаланың елді мекендерін дамыту жөнінде, шағын және орта бизнеске, инвесторларға қолдау көрсету жөнінде тапсырмалар жүктеді.