Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Мәжілісте талқыланды
Бейбіт жиындар туралы заң жобасының дәл осы нормасы төңірегінде талқы әлі басылмай тұр. Заң жобасының авторы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әділет министрлігі мұндай митингтерді өткізуге арнайы орындар бөлінуі тиіс десе, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері бұл шектеумен келіспейді. Тараптар тағы бір мәрте Мәжілісте бас қосты. Оған 9 өңір бейнеконференция арқылы қатысты. Дөңгелек үстел елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты онлайн-форматта өтсе де, ұсыныстар мен ұстанымдардан ешкім бас тарта қойған жоқ.
Дәл қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – бейбіт жиындар туралы құжат. Тіпті кейбір сарапшылар «Осы заң жобасы елге демократияның жаңа лебін әкелді» деген пікір айтады. Қазіргі қолданыстағы заң осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1995 жылы қабылданғанын ескерсек ол түсінікті де. Заңды түзу барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшысы Дәурен Абаев тараптардың талабын ескеруде баланс сақтаудың қиынға түскенін айтады. Бұл жолы да оңай болған жоқ.
Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:
- Міне, өздеріңіз көріп отырғандай екі сағаттан астам талқылау болып жатыр. Аймақтар да тікелей эфирге қатысып отыр. Бұл жерде тек біздің жұмысымыз болмауы керек. Бізге қоғамнан қолдау керек.
Жаңа заң жасап шығару Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы болатын және оның жұмысына Президенттің өзі де қатысты деп айтуға әбден болады. Мысалы бұған дейін митингке қатысушылардың саны 250 адамнан аспау керек деген норма болған еді, Мемлекет басшысы «Алдын ала ескертілген бейбіт жиындарға қатысушылардың санын шектеуге болмайды» деген ұстанымын айтқан. Дегенмен ұйымдастырушылар митингке қатысушылардың санын алдын ала ескертулері тиіс. Ал халықаралық ұйым өкілдері заңның дәл бұлай қызу талқылауын жақсылыққа балап отыр.
Дьердь Сабо, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы:
- Маған тараптардың белсенділігі ұнады. Жан-жақты көзқарастар айтылып жатыр. Заңға қоғамның да қызығушылығы жоғары. Және халықаралық стандарт туралы да аз айтылып жатпағаны қуантады.
«Бейбіт жиындарды тек арнайы орындарда өткізу керек» деген норма тағы қызу талқыланды. Әділет министрі Марат Бекетаев демократиясы озық елдердің өзінде бұл тәртіп бар, дәлелмен Капитолияның сызбасын әкеліп көрсетті. Бірақ «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зәуреш Батталова министрдің бұл мәліметімен мүлдем келіспейді. Дегенмен отырыс оның көңілінен шықты.
Зәуреш Батталова, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті:
- Көңілімнен шықты. Неге десеңіз, әр адам бір емес бірнеше рет өз позициясын айта алды. Және ол позициялар жұмысқа алынды. Біз кейбір кезде бір дөңгелек үстелде бәрін айтамыз да, сонымен аяқталады, жұмыс тобына ол жетпейді. Бүгінгі күнде стенограмма арқылы бұл жұмыс тобына тапсырма берілді.
Заң жобасының пікір тудырған тағы бір нормасы – өтініштер мен хабарландыруларды қарау мерзімі. Үкіметтік жобада митингтер мен жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органға 15 күннен кешіктірмей, ал шеру ұйымдастыру үшін 10 күннен кешіктірмей хабарландыру жіберу керектігі туралы норма бар. Қоғам белсенділері «Бұл мерзімді қысқарту қажет» деген пікірде. Олардың бұл ұсынысына Мәжіліс төрағасы қолдау білдіріп, екінші оқылымға дейін нақтылауды тапсырды.
Евгений Жовтис, «Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюросы» ҚҚ директоры:
- Мұндай диалогтың пайда болғаны қуантарлық нәрсе. Соңғы бірнеше жылдың ішінде біздің Парламент ашыла түсті. Соның арқасында жұмыс топтарында азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар белсенді қатысады. Және мұндай дөңгелек үстелдер өте маңызды.
Асылбек Қожахметов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
- Біріншіден, дөңгелек үстелді Мәжіліс төрағасы өзі өткізді. Екіншіден, кездесудің өзі демократиялық форматта өтті. Министрлер өз ұсыныстарын айтты, сонымен қоса қарсы тарапқа да өз ойын айтуға мүмкіндік берілді. Өңірлер де үндемей қалмады. Егер дәл осындай мазмұндағы жиындар жиі өтсе, біз бара-бара ести алатын мемлекеттің негізін жасап аламыз деп ойлаймын.
Дөңгелек үстел 2 сағаттан астам талқыланды. Заң жаңа, сұрақ көп. Мәжіліс төрағасы айтылған пікірлер мен ұсыныстардың барлығы екінші оқылымға дейін жұмыс тобында қаралатынын қадап айтты.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Менің ойымша біз нақты және өте пайдалы әңгіме құрдық десем артық айтқандық болмас. Әрине, заң жобасының кейбір ұстанымы әзірге пікірталас тудырады. Және бұл қалыпты нәрсе. Олар бойынша барлық ұсыныс мұқият талданып, талқыланатын болады. Және біз азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, осы Заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстарды барынша ескеруге тырысамыз.
Заң жобасы бір айдан астам уақыт бұрын «Ашық деректер» порталына жарияланған. Содан бері халық 260-тан астам пікір қалдырыпты. Құжат 9 қалада талқыланды. Отырысқа қарағанда сол талқылау әзір басылмайтын секілді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дәурен Жұрқабаев, Есбол Жамшитов