Сенаторлар бір күндік жалақысын коронавируспен күрес қорына аударады
Төтенше жағдайға байланысты Сенат жұмыс тәртібін өзгертті. Барлық іссапар мен жоспарлы шараға тыйым салынады. Тек заң шығарушылық жұмыс жалғасады. «Жалпы отырыстар мен комитет жиындарына қатысатын адамдар санын шектеп, көп жұмысты қашықтан жүргіземіз», – деп мәлімдеді Сенат спикері. Аппарат қызметкерлерінің 70% астамы үйден жұмыс істеп, қалғандарының жұмыс уақыты қысқартылады. Сенат ғимаратында күніне бірнеше рет залаласыздандыру шаралары жүргізілуде.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бізге ертеңгі күнге сеніммен қарап, бойымыздағы үрей мен күдіктен арылу қажет. Баршамыз бәрі жақсы болатыны туралы ойлап, жақсылықтан үміттенуіміз керек. Біз талай сында шыныққан мықты халықпыз. Біз бәрін жеңеміз. Алдағы сенбі күні жарқын мерекеміз Наурыз келеді. Бұл – көктем мерекесі, жандану мен гүлдену мейрамы, үміт пен жаңару мерекесі. Баршаңызға денсаулық пен бар жақсылықты тілеймін! Наурыз бізге бұл жылы тек бақыт алып келсін, қайғы мен ауыртпалықтан арылтсын.