Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат отырысына қатысты
Президент Жарлығына сәйкес Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.
Сенаттың отырысына қатысқан Президент бір жылдан астам уақыт Жоғары палата спикері болған Дариға Назарбаеваға ризашылығын білдіріп, Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Мәулен Сағатханұлы Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды.
Жоғары палатадағы жиынның жөні бөлек. Саяси маңыздылығы өз алдына, карантин кезінде қауіпсіздікті де ұмытуға болмайды. Осыны ескерген сенаторлар түгел бетпердемен келіпті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз бүгін ерекше жағдайда кездесіп отырмыз. Қазір бүкіл әлем жұртшылығы күрделі дағдарысқа ұшырады. Мұны жақсы білесіздер. Коронавирус дерті Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Соған байланысты халқымыз 16 наурыздан бастап төтенше жағдайда өмір сүруде. Карантин режимі азаматтарымызға айтарлықтай қиыншылық туғызды. Дегенмен бүкіл еліміз осы індетке қарсы күресу үшін жұдырықтай жұмыла білді. Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы. Бұл мәселе бойынша дау жоқ. Бұл ретте сіздердің жұмыстарыңыз өте жауапты екенін жақсы білемін.
Осыдан екі күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтатқан болатын. Жиында оның Сенат төрағасы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Сенат Төрағалығына жаңа кандидатураны ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өздеріңізге мәлім, менің Жарлығыммен Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Ол Сенат Төрағасы ретінде бір жылдан астам белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Сол үшін Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдірдім. Құрметті, Сенат депутаттары! Менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-ші бабының I тармағына сәйкес, Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол мемлекет қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді жұмыс атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ.
Депутаттардың жасырын дауыс беруінің нәтижесінде Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасы мақұлданды. Су жаңа спикердің бұл – соңғы тоғыз ай ішіндегі төртінші лауазымы. 2019 жылдың 30 шілдесінде ол Қазақстан Президентінің көмекшісі болып тағайындалған. Ал желтоқсанда Президент Әкімшілігі басшысының Бірінші орынбасарлығына келді. Ал енді ол Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды. Артынша Төрағалық қызметке келді. Президент Жоғары палата өкілдерін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті, депутаттар! Баршамыз күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жалпы Сенат депутаттарының жұмысына ризамын. Бірлігіміз бекем болса, кез келген қиындықты еңсереміз. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін.
Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда да рөлі, құзыреті ерекше. Еліміздің бюджетін қалыптастыру, оны бекіту, сондай-ақ оның атқарылуын бақылауда да Сенат шешуші қызмет атқарады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев бағыт-бағдардан жаңылмай, батыл қадам жасауға шақырды.