Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы онлайн форматта өтті
Ортақ нарыққа қатысты сұрақтарды жаңа форматта онлайн түрде шешуге болады.
Бүгін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің Мемлекет басшылары осылай етті де. Олар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын бейнеконференция арқылы өткізді. Президенттердің жүзбе-жүз кездеспеуінен, көзбе-көз сөйлеспеуінен күн тәртібіндегі мәселелер маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесіне биыл Беларусь Республикасы төрағалық етіп жатыр. Оған мүше мемлекеттердің басшылары бүгін Минскіде кездесуі тиіс еді. Бірақ коронавирустық пандемия бестіктің басшыларын бейнеконференция арқылы байланыстырды. Күн тәртібінде 10 сұрақ. Арасындағы ең маңыздысы – Еуразиялық экономикалық интеграцияның алдағы 5 жылға арналған даму стратегиясы.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
- Бұл – қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсуге қажет құжат. Оны әзірлеу әлдеқайда күрделі жүрді. Дегенмен бұл мәселеде де ортақ мәмілеге келдік. Бірақ біз әлі күнге реттей алмай отырған мәселелер бар. Мысалы, ортақ нарықтағы газ тасымалдау бағасы. Өзекті мәселенің шешімі жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бестіктің алдағы бес жылғы стратегиясын қолдайтынын айтты. Дегенмен қосымша талқылауды қажет ететін мәселелер бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша, одақ әуелгі экономикалық міндетінен ажырап қалмауы тиіс. Сондықтан, оның ойынша, Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне денсаулық сақтау, білім, ғылым мәселелерін енгізе бермеген жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ерте ме, кеш пе, бір-бірімізбен кездесеміз. Қазір құжатқа қатысты кейбір пікірімді білдірсем деймін. Біріншіден, алға жылжудың берік іргетасын қалау керек деп есептеймін. Тауарлардың іс жүзінде кедергісіз әрі шектеусіз қозғалысын қамтамасыз ету керек. Сектордағы тараптардың келісуімен қызметтердің бірыңғай нарығын құрып, ортақ энергетикалық және қаржылық нарыққа дайын болған абзал. Сөзсіз біздің мемлекеттеріміздің арасындағы серіктес жан-жақты сипатқа ие. Ол экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық саланың барлық спектрін қамтиды.
ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекеттің азаматтарына Еуразиялық экономикалық комиссияда жұмыс істеуге тең мүмкіндік беру керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның кадрлық құрамын жасақтау талаптарын өзгертуді ұсынды. Комиссияның қазіргі тәртібі бойынша атқарушы лауазымдар әрбір мемлекеттің құйған қаржысына қарай таратылады. Ал мұндай тәртіпке Қазақстан әуелден қарсы болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан әу баста ондай тәсілге қарсы болды. Біздің Бірінші Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы мәселеге қатысты бірнеше рет пікір білдірген болатын. Алайда одақты құру туралы келісімді рәсімдеу үшін Қазақстан өз ұстанымын өзгертті. Былайша айтқанда, жол бердік. Ортақ істі қолға алғанда комиссия құрамындағы орындарды квотамен таратқан дұрыс емес. Бұл ретте халықаралық ұйымдардың тәжірибесін ескеру керек. Оларда ортақ тәртіп бар. Комиссияның құрамына алғанда адамның кәсіби біліктілігіне баса назар аударған жөн.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір ұсыныс айтты. Сол арқылы отандық кәсіпкерлердің үнін жеткізгендей болды. Ол – одақ аясында тауарларды міндетті таңбалауды кейінге қалдыру. Президент коронавирус пандемиясына байланысты бизнесмендер қиын жағдайға тап болып отырғанын баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде елдеріміздің бизнесі өте күрделі жағдайға тап болып отыр. Өндірісті дамыту жоспары, жеткізу тізбегі бұзылып, кредиторлық берешек өсіп кетті. Іс жүзінде барлық ресурс жұмысты тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтауға жұмылдырылған. Сондықтан Одақ органдарының барынша шығынды жекелеген шешімдерін орындау ақылға қонымды болмақ емес. Қалай десек… Ұйымымыздың қазіргі даму кезеңінде. Мұндай шешімге міндетті таңбалауды енгізу жоспарын жатқызуға болады. Бірақ бұл мәселені комиссия аясында Үкімет қарауы тиіс.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің күшінен енгеніне 5 жылдан асып барады. Елдер географиялық тұрғыда оңтайлы орналасқанмен, көлік-логистикалық қызметтер қажет деңгейге дамымай отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, коронавирустық дағдарыс жағдайында бұл мәселеге атүсті қарамаған жөн. Себебі сатып алушы сұранысы төмендейді, кәсіпорындар жабылады, тарихи көлік байланыстары үзіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Одақтың мүдделік танытатын елдеріне тауар таратудың ортақ желісін құру мүмкіншілігін қарастыруды ұсынамын. Сонымен қатар Одағымызға мүше мемлекеттерге бұл бастамаға инвесторлар, мердігерлер, пайдаланушылар ретінде белсенді қатысуды ұсынамын.
Экономикалық одаққа мүше Мемлекет басшылары бір сағаттан астам созылған онлайн отырыста түрлі ұсыныстар айтты. Мысалы, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің ойынша, Еуразиялық экономикалық одақ интеграциясының қазіргі деңгейі бірыңғай газ тарифтерін енгізуге жеткіліксіз. Жалпы алғанда бүгінгі онлайн-саммитте 2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту стратегиясы мақұлдады. Дегенмен құжат қайта пысықтауға жіберілді. Келесі кездесуге дейін. Ал оның қашан өтетіні әзірге белгісіз.
Айтпақшы, Еуразиялық экономикалық комиссия одағы жеке тұлғалардың автомобильдерін және басқа да көлік түрлерін одаққа мүше елдердің кедендік аумағында уақытшы жүруін 30 қыркүйекке дейін ұзартты.