Ақордада ҚР Ішкі істер министрлігін реформалау мәселесі талқыланды
Министр алдымен Президент Жолдауын жүзеге асыру жайында баяндады. Нақтырақ айтқанда, төтенше жағдай комитетін Ішкі істер министрлігінің құрамынан бөлу жұмыстары туралы сөз болды. Ведомство басшысының айтуынша бүгінде арнайы комиссия құрылып, алдағы уақытта ТЖ жөніндегі министрліктің құрамында қызмет ететін 25 мыңға жуық адамның тізімі нақтыланады.
Сонымен қатар Ерлан Тұрғымбаев «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша реформалау жұмысының барысы туралы айтты. Министр аталған қағидат бойынша жергілікті полиция қызметкерлері материалдық тұрғыдан толық жабдықталып, олардың республиканың барлық аумағында халықпен тығыз жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай жасалатынын жеткізді. Осы мақсатта учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесі заңмен бекітіліп, олар автокөлікпен, фото-бейне бақылау құрылғыларымен және электронды планшеттермен қамтамасыз етіледі. Қазірдің өзінде министрлік жұмысының 83% электронды форматқа көшкен. Жыл соңына дейін бұл межені 91% жеткізу көзделіп отыр.