Президент коронавирусқа қарсы дайындық жұмыстарымен танысты
Ірі шаһарда жұқпалы аурулар ауруханасының тағы бір филиалы ашылған. 500 адамға шақталған бұл нысанды Президенттің өзі аралап шықты. Коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына мегаполистің қаншалықты дайын екенін бағамдады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық және инфрақұрылымдық нысандарда болды.
Коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша Алматы алдыңғы орынға шыққан аймақтардың бірі еді. Сол бір жағдай қайталанбас үшін қалада бүгінде қамдық қалай? Дайындықты көру үшін Алатау бауырындағы шаһарға Президенттің өзі келді. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына аялдады. Осы жерде Президент айтты. «Медицина мамандарына материалдық һәм моральдық тұрғыда көмектесу керек». Бұл енді әкімдіктің тікелей міндеті. Тек әкімдік емес, Үкімет те ақ халаттыларды назардан тыс қалдырмайды. Өзектерін талдырмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Үкіметке келер болсақ, менің тапсырмам бойынша медицина мамандарына тиісті жәрдем беріледі. Ауруға қарсы тұру үшін барлық жағынан дайын болу керек. Дүрбелеңге бой алдырмау маңызды. Сіздерде тәжірибе бар. Материалдық тұрғыда қамтамасыз етілесіздер. Коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына да төтеп беруге тиіспіз.
Бұл нысан әуелде психо-неврологиялық диспансер ретінде салынған. Содан биыл жұқпалы ауруларды емдейтін мекеме болып жабдықталыпты. Уақыттың талабы осы ғой. Бетін аулақ қылғай, егер ковид қайта күш алса, бұл жерде бірден 500 адамды емдеуге мүмкіндік бар.
500 төсектің бәрі де медициналық оттегімен қамтамасыз етілген. 45 реанимациялық төсек орын және бар. Бір кезде тапшы болған өкпені жасанды желдету аппараты да жеткілікті. Ауруханаға мұндай қондырғының 50 шақтысы қойылыпты.
Тамара Отағанова, қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
– Аурухананың мүмкіндігі өте үлкен. Жұқпалы аурулар ауруханасының талаптарына сай. Әрбір блоктың өзінің дербес кіреберісі бар. Сол кіреберістен жеке науқас сол боксқа қана түседі. Сонымен біздер басқа жұқпалы аурулардың өзара қатысып, ауруды жұқтырудың алдын аламыз. Медициналық техника да жеткілікті.
Бәрінің жеткілікті болғаны көңілге медеу. Себебі ковид – ұзаққа созылатын вирус. Тұмау сынды өзге де жұқпалы аурулармен бірге жүруі кәдік. Шетелдік мамандар осылай топшылаған. Сондықтан мұндай ауруханалар барлық жұқпалы кеселге сақадай сай болуы тиіс. Әлемдік тәжірибе де осыны көрсетіп отыр. Босаңсуға болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еуропада болсын, Америкада болсын, қазір екінші толқын пайда болып жатыр. Бізде де екінші толқын пайда болуы мүмкін. Сондықтан осы күрделі жағдайда арнайы келіп отырмын. Емханамыз өте жақсы екен. Жалпы әрбір салада медицина болсын, білім, тіпті саясат болсын, дипломатия болсын, нағыз мамандар керек қазір Қазақстан үшін. Қазақтар бекер айтпайды ғой, «Құлан – қырда,құндыз – суда» дейді. Каждый должен заниматся своим делом как маман ретінде, сарапшы ретінде. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Босаңсуға қазір болмайды. Бәріміз жинақы болуымыз керек осы жағдайда.
Президент коронавирусқа қарсы дайындықты көрген қаланың индустриялық және инфрақұрылымдық дамуымен танысты. Алматының индустриялды аймағына ұзын ырғасы 60 жоба енген. Оны осы күні жұмыс істеп тұр. Тағы оны жыл соңына дейін іске қосылады. Жұмыс істеп жатқандардың бірі мына «Техновид» аталатын кәсіпорын. Серіктестікте энергия үнемдейтін, сәулеттік қасбеттер шығарылады. Бұл жерде жылына 475 мың шаршы метр шыны пакет жасауға болады.
Сергей Хрущёв, компания директоры:
– Біздің кәсіпорында барлығы бір жерде шоғырланған. Яғни шикізат та өзімізден. Елде мұндай жағдайда жұмыс істеп жатқан әзірге біз ғана. Өзіміздің материалды тұтынамыз. Тауарларымызды ірі қазақстандық компанияларға ғана сатып отырмыз. Алдағы уақытта Ресей мен Өзбекстан нарығына шығу жоспарда бар.
Ірі инвестициялық жобаның бірі мына «Хюндай» маркалы көлік шығаратын зауыт. Бұл жерге де Президент барды. Машина жасаудағы әлеуетімізді көрді. Кәсіпорынға отандық бизнесмендер жалпы құны 28 миллиард теңге инвестиция құйған. Зауыт қазанның 15-сінде ашылады.
Қорған Төреқожа, тілші:
– Ашылған кезде бұл жерден жылына 30 мың көлік шығарылады. Одан соң бұл көрсеткіш 45 мыңға дейін жеткізілмек. Бұдан халыққа нендей пайда? Пайдасы сол, осы жерден шыққан көліктер нарықтық бағадан 5 процентке арзан болады. Бұл – бір. Екіншіден, мына темір тұлпарларды жұрт жеңілдетілген несиеге сатып ала алады.
Біздің зауытта шыққан автокөліктерді «Қазақстан Даму банкі» беріп жатқан льготный кредитпен сатып алуға болады. 10 процент құнын төлеп, қалғанын кредитке 7 жылға дейін 4 проценттен алуға болады. Осы ашылғаннан кейін көліктің дефициті жойылады деп сенеміз.
2023 жылға дейін әзірге бұл жерден «Хюндай Акценттің» ғана шанағы дәнекерленіп, боялады. Одан соң өзге де модельдерін шығару жоспарда бар. Бүгінде 350-дей адам еңбек етіп жүр. Ашылып, зауыт толық қуаттылыққа көшкен соң мұнда 700 адам жұмыс істейді.
Әзірге саймандар Ресей, Корея, Чехиядан әкелініп жатыр. Келешекте мына кәсіпорынның басшылығы автобөлшектер жасайтын зауыт та ашпақ. Осылайша көліктің 50 процентін өзімізде жасайтын күн туады. Бұл енді отандық автоөндірістің алдында тұрған басты мақсат. Жоспар жүзеге асса, хош! Осы зауытта тұрып, Президент кәсіпкерлікті дамыту жайына тағы бір мәрте тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халыққа арнаған Жолдауымда елде бизнесті өркендетуге баса мән бердім. Егер кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір заңсыз кедергілер келтірілер болса, мұны мемлекетке қарсы жасалған қылмысқа балаймыз. Яғни бір сөзбен айтқанда, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге барлық күш-жігерін жұмсауы тиіс. Бұл біздің экономикалық саясатымыздың басты бағыты.
Экономика әлі де күрделі жағдайда. Тек біздікі емес. Әлемде де ахуал осы. Себебі бе түсінікті. Дағдарыста тек мемлекет пен бизнес тонның ішкі бауындай болған кезде еңсере аламыз. Осы себепті Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі һәм бәсекелестікті қорғау агенттігі құрылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Нарықты монополистерден тазалау керек. Біздің нарыққа кіргісі келетіндерге мүмкіндік беріп, еркін жұмыс істеулеріне жағдай жасауымыз қажет. Экономика осы кезде ғана өседі. Мұның бәрі жаңа шаралар қабылдауды талап етті. Шешімдеріміз өзінің тиімділігін көрсетеді деп сенемін.
Экономикада ғана өзгеріс болмайды. Демокаратияны ілгерілете түсуге де басымдық беріледі. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қоюына байланысты түсініктеме берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Партияның іс-әрекеттеріне, бейбіт жиналыстарға қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірер күн бұрын Қазақстан өлім жазасын жоюды қарастыратын екінші факультативті хаттамаға қосылды. Бұл Конституцияға толық сәйкес келеді және Негізгі заңға ешқандай өзгеріс енгізу қажет емес. Бізде өлім жазасына мораторий жарияланған. Мұндай Жарлыққа Тұңғыш Президент қол қойған болатын. Сондықтан біздің елде өлім жасазы жоқ деуге болады.
Бизнеске қолдау бар
Осы көлік құрастыратын зауыт та бизнес өкілдері Жолдаудағы қолдауды зор ықыласпен қабылдағандарын айтты. Айтты да, Президентке малды тірідей экспорттауға қатысты мораторийді ұзарту бойынша өтініштерін жеткізді. Бұл құжаттың күші бірінші қазанда аяқталатын еді. Түлікті тірідей сыртқа сата берген соң елдегі ет өндеу кәсіпорындарында өндіріс те бәсеңдеп барады. Осының бәрін мұқият тыңдаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев мораторийді ұзарту керектігін айтты.
Зауыттан шығып, Президент қалалық әкімдіктің іргесіндегі «Алмалы» алаңына барды. Бұл жер биыл жаңартылған. Жаңа алаңда құлындай құлдыраңдап жүрген балалардың көңілі шат. Ата-аналар да разы.
Блиц:
1) Балаларға жақсы. Біз өзіміз Самал районында тұрамыз. Баламен қыдырып келіп, ойнағанға жақсы жер екен өте.
2) Әр жасқа ыңғайлы екен. Кішкентай 1 жастан бастап 12-13 жасқа дейінгі балаларға өте жақсы жер екен ойнағанға.
3) Алматыға Қырғызстаннан келдім. Қызым мен күйеу балам осы жерде істеуші еді. Келе салып, бірінші осы паркті көрдім. Балаларға сондай ыңғайлы.
Ал бұл көпфункционалды музыка орталығы. Өткен мамырда ашылған. Ішінде «өсемін, өзімді дамытамын» деген жастарға барлық мүмкіндік бар. Бұл да Президент «дамытуымыз керек» деп баса мән берген кәсіпкерлік нысаны. 20 адам еңбек етеді. Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы «Індетке қарсы қамдықты күшейтіп, экономикалық өсімді қамтамасыз ету» зор міндет екенін қаперге салды.
Авторлары: Қорған Төреқожа, Ержан Рахманбердиев, Дулат Ентебеков