Мемлекет басшысы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысты
Мұндай пікірді ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы жаһан жұрты үшін қатаң сынақ болып отырған коронавирус пандемиясы тұсында ШЫҰ жұмысын жүйелей түсу үшін бірнеше ұсыныс айтты.
ШЫҰ-ға биыл Ресей төрағалық етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары жылына бір рет жүздесетін, биыл алғаш рет бейнеконференция форматында байланысып отыр. Әуел баста шекаралық мәселелерді шешу үшін «Шанхай бестігі» болып құрылған ұйымның бара-бара керегесі кеңейді. Ұйымға қазір сегіз ел мүше. Тағы 16 ел қосылуға мүдделі, олардың ішінде Иран мен Ауғанстан секілді елдер бар. «ШЫҰ құрылғаннан бергі 20 жыл ішінде ең табысты халықаралық ұйымға айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Шанхай рухы» коронавирус пандемиясы сынағында да шытынамауы тиіс», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай жағдайда «Азаматтарымыздың мүддесі жолында ШЫҰ-ны күрделі жағдайға қалай бейімдейміз?» деген секілді өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға тиіспіз. «Шанхай рухы», сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп ұтымды жауап іздеудегі мол тәжірибе, түптеп келгенде осы ауқымды міндетті шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан ортақ күш-жігердің «Бәрі де адам үшін» деген ізгі мақсатқа қол жеткізуге бағытталғанын аса маңызды санайды. Осы ретте ұжымдық иммунитетіміздің күшеюін пандемия мен басқа да жаһандық сын-қатерлерге қарсы қоюдың кепілі деп білемін.
Жиында ұйымға мүше мемлекеттер бір ауыздан эпидемия қаупіне қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың кешенді жоспарын бекітуге келісті. Бұл ретте ДДСҰ аясында Аурулар мен биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру туралы Қазақстан бастамасы өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемдегі құбылмалы жағдай үш зұлымдық – сепаратизм, терроризм және экстремизмнің күшеюіне алып келді. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге, соның ішінде интернет желілеріндегі қарсы күресте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі бағдарламаның белсенді жүзеге асырылуы біздің ұйымның өршіп келе жатқан қауіп-қатерге беретін тиісті жауабы болар еді. Қоғамдық және экономикалық өмірдегі көптеген саланың онлайн кеңістікке көшуі киберқауіпсіздік мәселесін өзекті ете түседі. Сондықтан ШЫҰ-ның террорға қарсы өңірлік құрылым базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жедел құру қажет деп санаймыз.
Ауғанстанды қайта қалпына келтіру – ШЫҰ үшін өзекті мәселе. Қазақстан Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан оңалту үшін «ШЫҰ – Ауғанстан» байланыс тобы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. ҚР Президенті ШЫҰ үшін келесі жылды Мәдениет жылы деп жариялануын қолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Протекционизмнің күшеюі және тауар тасымалдауға қатысты халықаралық тізбектің үзілуі Ұйымымыздың экономикалық әлеуетін жедел айқындау қажеттігін көрсетіп отыр. ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарының бекітілуі өзара сауда-саттықты қалпына келтіруге және арттыруға септігін тигізеді деп үміттенеміз. Аталған міндеттің шешілуі жобалық іс-әрекеттердің қаржыландырылу тетігін қалыптастыру жөніндегі келіссөздерді тездетуді талап етеді. Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың рөлін біртіндеп арттыру, сондай-ақ, Еуразиялық қаржыландыру, кеңес беру механизмін қалыптастыру жөніндегі жол картасы сияқты шаралардың қабылдануы бұл жұмысқа тың серпін берер еді.
Келер жылы ШЫҰ-ға 20 жыл толады. Сыртқы ашықтық пен халықаралық әріптестік аясын кеңейтуге ұмтылу – ұйым тиімділігінің кепілі. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою шешімін құптайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ШЫҰ-ның мерейтойы – оның елеулі жетістіктерін атап өтуге ғана емес, сондай-ақ осал тұстарымызды анықтап, «әттеген-ай» дейтін жерлерімізді ой елегінен өткізіп, одан пайдалы сабақ алу үшін жақсы мүмкіндік. Сондықтан хатшылыққа ұйым тетіктері мен органдарының қызметін жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар енгізе отырып, ШЫҰ-ның жұмысына жан-жақты талдау дайындауды тапсыруды ұсынамын. Біздің халқымыз ШЫҰ-ға үлкен үміт артады. Олар біздің ұйым шеңберінде ымыраласу және өзара мүдделерді ескеру негізінде жемісті ынтымақтастық орнатып, сол арқылы сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге абыроймен төтеп беріп, азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік болады деп санайды.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көшбасшыларын ортақ міндеттерді шешу және Шанхай рухын нығайту жолында бірігуге шақырды.