Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне әлі де жағдай жасаймыз
Бұл жиынның Қазақстан экономикасы үшін маңызы зор. Өйткені экономиканы инвестициясыз елестету мүмкін емес. Қосымша қаражат болмаса, тұтас мемлекеттің дамуы екіталай. Оның үстіне аумалы-төкпелі қазіргідей сәтте дағдарыстың қамыты біз секілді дамушы елдер былай тұрсын, дамыған елдердің де мойындарын қажап барады. Әлемдік экономика құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Алыс-беріс те айтарлықтай азайған. Жиында кеңес мүшелері тығырықтан бірлесіп шығар жол іздеу мәселесін көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазір әлем елдері вирустың зардабын тартып отыр. Бұл індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Осындай қиын сәтте Қазақстанға қолұшын созған инвесторларға алғыс айтқым келеді. Олар аянып қалған жоқ. Қал-қадірінше көмектесті. Біз инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне әлі де жағдай жасаймыз. Сондықтан алдағы уақытта бірлесіп қызмет қыламыз дегенге сенемін.
Қазір әлемде індет жұқтырғандардың саны 55 миллион адамнан асты. Вирустың тыншитын түрі жоқ. Бірақ еліміз шетелдік инвесторларға жағдай жасауды жалғастыра береді. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын кезде Қазақстанда қалып, қызметін жалғастырған шетелдік инвесторларға алғысын білдірді. Кеңес отырысына шетелдік компания өкілдері мен Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті де қатысты.
Одиль Рено-Бассо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті:
– Қазақстан 30 жылда толайым табысқа жетті. Экономиканы дамыту мен реформа жасаудың озық үлгісін көрсетті. Дұрыс бағытты таңдады. Әлі де дами түсетініне кәміл сенемін. Қазақстанға барудың сәті түсер. Сол күнді асыға күтіп жүрмін.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан расында да инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық климат тудырды. Бұл әлемдік рейтинг үшін емес, ел экономикасын көтеру мақсатында жасалды. «Мұндай жағдай алдағы уақытта да жалғаса беретін болады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осылайша кей салалардағы ең күрмеулі мәселелердің алдын алатын боламыз. Мәселен, инвесторлық виза беру мәселесі, шетелдік жұмыс күшін тарту, экспертиза жасау, салық төлеу, жер қатынастарын реттеу секілді мәселелерді айтуға болады.
Шетелдік инвесторлардың кеңесінің отырысынан кейін Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының болашақ дамуы жөнінде арнайы сессияға қатысты. «Бұл Қазақстан үшін өте маңызды сала», – деді Президент. Биылғы жыл бұл сала үшін әсіресе қиынға түсті. Мұнайдың жаһандық бағасы құлдырап кетті. «Бұл салада жұмыс істейтін компаниялар үшін үлкен сынақ болды», – деген Президент осы ретте ОПЕК келісіміне сәйкес Қазақстан мұнай өндіру көлемін азайтуға мәжбүр болғанын атап өтті Президент.