Тұңғыш Президент күніне орай халықаралық парламенттік конференция өтті
Онлайн форматта өткен жиынға Өзбекстан, Қытай, Ресей, Въетнам, Италия елдерінің Парламент спикерлері мен орынбасарлары және түркі тілдес елдердің парламенттік ассамблеясының бас хатшысы қатысты.
Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер. Кеңестік жүйенің сірескен сеңі бұзылып, тәуелсіз мемлекет атанғанда Елбасы тайсалмай, тағдыршешті батыл қадамдарға барғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тұңғыш Президент күніне арналған парламенттік конференцияны ашқан Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин тәуелсіздік жолы Елбасы жолы екендігін айтты. «Әлем алдында абыройлы Тұңғыш Президент қазақстандық парламентаризмнің негізін қалады, конституциялық реформалар арқылы оны нағыз демократия мектебіне айналдырды», – деді мәжіліс Спикері.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осы заманға сай, табысты дамыған Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған бағытының нәтижесі – қоғамның сұранысына дер кезінде жауап бере білу қабілетінің, реформаларды алдын ала бажайлап, алдағыны саралап, болжай білуінің жемісі. Елбасы ұлтты жоғары деңгейдегі мақсатттарға жету жолына ұйыстыра білді. Қазақстанның жаңа тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен және оның стратегиялық көрегендігі, сындарлы саясатымен байланысты. Оның дәлдігін өмірдің өзі дәлелдеді.
Расында дүйім жұрт үмітін үкілеп Елбасына сенді. «Ел ыдырап, торғайдай тоз-тозы шықпаса жарапты» деген күдікті ойлар толық сейілді. «Әуелі экономика, кейін саясат» деген стратегияны ұстанған Тұңғыш Президент халықты сол аласапыран дәуірден алып шықты. Әлемнің көп елі оны дана саясаткер ретінде таниды. Көрші Қытайдың Парламент спикері Ли Чжаньшу мен Ресейдің мемлекеттік дума федералдық жиынының төрағасы Вячеслав Володин Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саяси аренадағы биік беделін баса айтып, оның тарихи бастамасы еуразиялық интеграцияның жемісін осы төңіректегі көп ел көріп отырғандығын атап өтті. Түркия Парламентінің спикері Мұстафа Шентоп Назарбаевты барша Түркия жұрты түрік әлемінің ақсақалы көретінін жеткізді.
Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы:
- Нұрсұлтан Назарбаев мырза сирек кездесетін мықты көшбасшылық қабілетке ие. Ол өз елін дамытып, жаңғырту жолын бастап берді. Қойған мақсатынан таймай, талмай еңбектеніп, өз мемлекетін әлемге танытты. Мемлекеттікті қалыптастырып қана қоймай, Қазақстан экономикасын ілгерілетіп, бірнеше ұлт-ұлысты ұйыстырып, келісім орнатты.
Өзбек елі Парламентінің төрағасы қос елдің берік ынтымақтастығында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі мол екендігін айтты. «Қазақстан бүгінде парламенттік оппозиция институтын құрып, ондағы жастар мен әйелдердің үлесін көбейтіп, демократияны нығайтып жатыр», – деді.
Нұрдинжон Исмоилов, Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару Палатасының спикері:
- Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан мемлекеттігін қалыптастырған тарихи тұлға. Мемлекеттің дамып, өркендеуіне үлес қосқан ұлт көшбасшысы. 30 жыл бойы оның дана саясатының арқасында Қазақстан айтулы жетістіктерге жеткенін барша саясаткер көріп отыр. Тұңғыш Президент күнін атап өту Өзбекстан үшін қазақ елімен серіктестіктің тиімділігін тағы бір айқындай түсті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың стратег саясаткер екендігімен қоса бәтуалы пікір айта білетін бітімгершіліктегі рөлі де айтылды. Салиқалы жиында Чехия депутаттар Палатасының вице-спикері де сөз алды.
Войтех Филип, Чехия депутаттар Палатасы спикерінің орынбасары:
- Қазақстандық парламентаризмнің табысты қызметі тікелей Назарбаевтың стратегиялық таланты мен қойған мақсатына сенімділігі, саяси батылдығының арқасы деп білемін. Бұл қадамдары мықты парламенттік билік тармағы бекіген Қазақстанды бүгінде барша әлем қауымдастығы мойындап отыр.
Халықаралық шарада Италия, Въетнам елдерінің спикерлері мен Еуропалық Парламент өкілдері, түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясының бас хатшысы да сөз алып, Елбасының тұрақты мемлекет, парламентаризмді қалыптастырудағы рөлі жайлы ойларын ортаға салды. Талай зар заманды бастан кешкен қазақ халқының сағын сындырмай, бағын тайдырмай, бейбітшілікті сақтай білген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін мойындамау мүмкін емес десті олар.
Авторы: Индира Жылқайдарова