Ауылдағы интернет көңіл көншітпейді
Сонда ғана кемшін тұстар көзге ілігеді. «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев осылай деп, министрлерді жылы кабинетінен жиі шығып тұруға шақырды.
Оның айтуынша, Цифрлық даму министрлігінің: «Қазақстандағы елді мекендердің 93 проценті интернетпен қамтылған» деген ақпараты күмән тудырады. Партия белсенділері елорда маңындағы 6 ауылды бақылап көрген. Барлығында да интернетке қосылу проблемасы бар. Тіпті кейбір ауылдарда ғаламтор түгілі мектеп жоқ болып шықты.
«Ауыл» партиясы ауылдардағы интернет сапасына алаңдаулы. Өткен аптада ұйымның белсенді мүшесі Ақмола облысын аралады. Жай аралаған жоқ. Еліміздегі ең ірі 4 оператордың байланысын тексеріпті.
Анас Баққожаев, «Ауыл» ХДПП партиясының мүшесі:
– Мінекей, біз екі телефонның ішіне 4 оператордың сим картасын жүктедік. Тура дәл осылай біз қазір ауылдарға тоқтап, байланыс сапасын тексеретін боламыз.
Ол үшін телефонға арнайы қосымша жүктелген. Бағдарлама арқылы қай ауылда қай оператордың жылдамдығы жоғары екенін анықтады. Сондай-ақ тұрғындардың пікіріне құлақ асты.
БЛИЦ:
– Былай ауылға келсек, бірақ мына жаңа ауыл жақта интернет ұстамайды. Өйткені қамтамасыз етілмеген.
– Интернет қалай мына жерде?
– Интернет слабый. Интернет жоқ та ғой бізде.
– Енді сапасына көңіл көнши ма?
– Жооқ, сол ашпайды ғой
Өткен аптада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі елімізде 6 мың 500-ге жуық елді мекеннің 4 мың 751-іне интернет желісі жеткізілгенін жариялады. Бірақ бұл статистикамен «Ауыл» партиясының төрағасы келіспейтінін айтты.
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:
– Жалпы Қазақстан бойынша 93,5 процент ауылдық елді мекендерде интернет бар деген ақпарат берген. 7,5 миллион халық интернет пайдаланып отыр деген ақпарат берген. Осы ақпаратқа сенуге бола ма, мысалы үшін. Өкінішке орай мұндай ақпарат өтірік деп есептейміз.
Әли Бектаев әлгі сауалнамаға иек артып отыр. Бас шаһардың төңірегінде жүргізілген мониторингтің қорытындысы көңіл көншітпейді, әрине.
Анас Баққожаев, «Ауыл» ХДПП партиясының мүшесі:
– Жағдай мәз емес. Қаладағы қуысы көп зәулім үйлерге интернетті жеткізіп жатқан шақта, осы ашық ешқандай бөгеті жоқ, мия даладағы ауылдағы үйлерге осы байланыс түрін қамтамасыз етпей жатқанымыз ұят.
«Өлімнен – ұят күшті». «Ауыл» партиясының төрағасы жауапты министрлерге жылы кабинетінен жиі шығуды ұсынды. Бұл ретте креслода отырып, қағаз парақтамай, ауылды аралап, нақты мәліметтерге көз жеткізсін деп кесіп айтты.
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:
– Қанша біздің мемлекеттік қызметкерлер кабинетте көп отыра берген сайын, қағаз оларды жей береді. Немесе олар қағазды жей береді. Сондықтан мен біздің қызметкерлерді жиі ауылға шығуға шақырған болар едім.
«Кемедегінің жаны бір». Халық қалаулысы бұлай деп, біреуге күйе жағуды ойламайды. Керісінше, бірлесіп әрекет етуді ұсынады. Себебі ауылды көркейтуге күш жұмылдыру – ортақ іс екендігі айтпаса да түсінікті.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин, Динара Кунафина