Биыл елімізде саяси модернизация қарқын алды
Әлеуметтің әрбір саласының осал тұсын айқындап берген жылдың сынағы біздің елді де айналып өтпеді. Дегенмен саяси жаңғыруға бет бұрған Қазақстан бұл сынақтарға төтеп бере алды. Осылайша тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет екенін тағы бір дәлеледі. Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырған кездесуде сарапшылар осындай ортақ қорытындыға келді.
Әлемді жайлаған пандемия кезінде халықтың әл-ауқатын сақтай отыра, ел ішіндегі төтенше жағдайға ұтымды жауап қату. Бұл тиімді дағдарыс менеджментін құруды талап етті. Саясаттанушы Ерлан Саировтың пікірінше, алдымен атқарылуы тиіс шараларды Үкімет дер кезінде қолға алды.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
- Жалпы дүниежүзілік өнім 5 – 6% төмендеген болса, Қазақстанда оның деңгейі 1 – 1,5% ғана болып отыр. Мұның барлығы біздің еліміздегі мемлекеттік реттеудің, мемлекеттік органдардың тыңдауға қабілетті мемлекет философиясын енгізу, сонымен бірге ең негізгісі, халықтың әлеуметтік мәселелерін шапшаң реттеу жағдайында болып отырғаны белгілі.
Саяси бағыттың сабақтастығын қамти отыра, Президенттік институттың тиімділігін дәлелдеу міндеті де тұрды. Бұл ретте биыл саяси реформалардың бірінші пакеті ұсынылып, жеті бірдей заңға ауыз толтырып айтарлық өзгерістер енгізілді.
Қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бейбіт митингтер, сайлау өткізу ережесі мен саяси партиялардың қызметіне қатысты бірқатар заң жаңғыртылды. Сарапшылардың айтуынша, мұның барлығы қоғамды либерализациялауға жетелейді.
Бауыржан Төлегенов, саясаттанушы:
- Соңғы он жыл Қазақстан үшін оң болды десек болады. Сыртқы және ішкі саяси жағдай тұрақты болды. Қоғамдық институт пен мемлекеттік басқару жұмысы жүйелі жүргізілген. Оның тиімділігі осы 2020 жылғы сын-қатерлер жағдайында айқындалды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев естуші мемлекет қағидасын құруға үндей отыра, кері байланысты тиімді орнатудың үлгісін көрсетті. «Бұл да биліктің халықтың мұң-мұқтажына құлақ асуға ден қойғанын білдіреді», – дейді Қазбек Майгелдинов.
Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:
- Президент үшін мемлекеттік маңызы бар немесе кішігірім жұмыстар болған жоқ. Өйткені Сонақтағы, Сәтбаев қаласында болған оқиғалар, мысалы, Алматыдағы талдарды кесуге байланысты Президент тікелей тапсырма беру арқылы қазіргі таңдағы қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтудағы өз үлесін қосып отыр деп айтуға болады. Естуші мемлекет философиясы қазіргі таңда Президенттің тікелей өзі арқылы жүріп отыр деп біз нақты айта аламыз.
Бұрын елеусіз қалған түйткілдер биыл өзінің өзектілігін аңғартты. Мәселен, жан-жануарға деген гуманистік көзқарасты қалыптастыруды мемлекет назарға алған. Бұл да – биылғы жылдың басты жетістігінің бірі. Осы сынды халық көкейіндегі мәселелер әлеуметтік желі арқылы биліктің құлағына жеткен.
Дина Әйткенова, саясаттанушы:
- Саяси тұрғыдан аса белсенді саналмайтын халық санаты – ол жастар. Бірақ Z ұрпағы санатына бұл топты жануарларды қорғау мен экология мәселесі толғандырады. Бір қызығы, Х және У, яғни аға буын өкілдері бұл мәселеге аса ден қоймап еді. Дегенмен мемлекет жас ұрпақтың жан айқайына құлақ түріп, заңнамалық тұрғыдан өзгерістер енгізуге қолдау білдірген.
Келесі жылы саяси реформалардың екінші пакеті ұсынылмақ. Саясаттанушылардың болжамынша, бұл пакет мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсуге сеп болмақ.
Авторы: Бақыт Топтаева