Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайланды
«Ассамблеяның депутаттық тоғыздығы Қазақстандағы барлық этностарының мүддесін қорғайтын болады. Және олар қазақ халқының төңірегіне өзге халықтарды топтастыра білуі керек», – деді ассамблеядан ұсынылған кандидаттарға дауыс беру барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Ел арасында Пирамида, ресми – Бейбітшілік және келісім сарайы. Сарайда бүгін сайлау өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 351 мүшесі Мәжіліске ұсынылған 9 депутатқа таңсәріден дауыс берді. Бұл саяси шарадан Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та шет қалған жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
– Құрметті қазақстандықтар! Кешеден бері келесі бес жылдыққа бағдарламамыздың бәрін бекіткен үлкен сайлау болды. Бүгін, міне, біз Конституциямыз бойынша ҚХА-дан сайланатын 9 кандидатқа дауыс бердік. Ассамблеямыз 25 жылдан бері қарай елдің ішіндегі көп этностарды бір-біріне жақындастыратын, толеранттылықты тәрбиелейтін, елімізді алға жетелейтін бірегей орган болып келе жатыр. Ассамблеядан сайланған біздің депутаттарымыз елдің бірлігін сақтап, әр этностардың құқығын сақтап, қазақ халқының төңірегінде барлық халықты біріктіретін осындай бір ұйым болып саналады.
Парламенттің төменгі палатасына депутаттық тоғыздықты сайлау құқығы Ассамблеяға 2007 жылы берілген. Содан бері Мәжіліс депутаттары үш рет шақырылды. Демек бұл – Ассамблея үшін төртінші сайлау. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқы Ассамблеясының 28 сессиясына қатысып, таңдалған тоғыздыққа өз даусын берді.
Өткен жылы 25 жылдығын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бойынша 504 мүшесі бар. Мүшелік екінің біріне беріле бермейтін мәртебе. Беделің мен белсенділігіңе байланысты. Ассамблеяның мүшелері Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Үкімет басшысы Асқар Мамин де бүгін дауыс беруге қатысты.
2016 жылғы парламенттік сайлауда Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Владимир Божко депутаттыққа сайланған болатын. Бүгін ол журналистерге саяси мансабын аяқтап, зейнетке кететінін хабарлады.
Владимир Божко, ҚХА мүшесі:
– Біз 6-шы шақырылым шеңберінде белсенді жұмыс істедік, қажетті заңдар қабылдадық. Құрамы өте кәсіби болатын. Жаңадан сайланатын депутаттарға үміт көп. Олар қарапайым қазақстандықтардың қамын ойласа, шағын және орта бизнестің құқығын қорғаса дейміз.
Бұрынғы 9 депутаттың біреуі орнында қалды, қалған 8-і – жаңа есімдер. Жаңа есім демекші, сол сегіздің бірі – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектебінің директоры – Наталья Дементьева. Ал орнында қалған депутат – Сауытбек Абдрахманов. Бүгін 298 дауыс жинап, жетінші шақырылымға өтті.
Зәкіржан Кузиев, ҚХА Төрағасының орынбасары:
– Бір ұйғыр бар, бір дунган бар, бір армян, сосын кәріс бар. Ол енді ұлтқа қарамайды ғой, бәріміз қазақстандық болған соң, этнос дейміз. Бұрынғы 9 депутаттың 8-ін алмастырып жатырмыз. 8 жаңа депутат болады. Олар біздің совет ассамблеи дейміз, сол жерден өтіп, бірден 9 депутат шыққан жоқ. Көп критерия бар.
Көп критерийлердің бірнешеуі – этникалық топтардың ескерілуі, гендерлік теңдіктің қамтылуы, жастарды тарту, депутаттық корпуста екі мерзімнен артық болмауы. Биылғы тоғыздықтың өз ерекшелігі де бар.
Шерзод Пулатов, ҚХА мүшесі, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Бір ерекшелігі бар, мына біз сайлап жатқан депутаттардың барлығы мемлекеттік тілде сөйлейді екен. Осы нәрсе маған өте ұнады. Біз мемлекеттік тілде барлық қазақстандықтарды сөйлетеміз деп кәмілмен айта аламыз құдай қаласа.
Сонымен депутаттық тоғыздықтың арасында әзербайжандар қауымдастығының төрағасы – Абилфас Хамедов, күрдтер қауымдастығының вице-президенті – Вакиль Набиев, «ЖетісуОблГаз» серіктестігінің бас директоры – Владимир Тохтасунов, Жамбыл облысы Сартөбе ауылдық округінің әкімі – Ильяс Буларов, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты – Шамиль Осин және Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян бар.
Әскер Пириев, ҚХА мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының жетекшісі:
– Бұл азаматтар кімдер деген кезде, бұлар бірінші кезекте – ҚХА мүшелері. Бұлардың алдындағы мақсат та, бұлардың алдындағы жауапкершілік те тура кешегі сол сайлаудағы депутаттардың алдына қойылған мақсаттай болып табылады. 19 миллион депутаты деп айтсақ орны бар деп ойлаймын.
Ассамблеяның парламенттік өкілдігі – әлемнің бірде-бір елінде жоқ институт. Бүгін елдегі 100-ден астам этностың атынан Парламентте сөйлейтін тоғыздықты таңдағандар бір ауыздан, бұл сөзсіз титулды ұлт қазақтарға ғана тән толеранттылық деп бағасын берді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков