Жаңа Парламенттен не күтеміз?
Осы орайда депутаттардың алдына қойылатын мақсат-міндеттер туралы сұрап-білу үшін Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Әлеуметтік-экономикалық зерттеу бөлімінің жетекшісі, әлеуметтанушы Жанна Кәрімованы шақырдық.
– Мәжілістің жаңа құрамы 70 процентке жаңарды. Жаңа құрамынан қандай да бір жаңашылдық болуы мүмкін бе?
Жанна Кәрімова, ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зерттеу бөлімінің жетекшісі, әлеуметтанушы:
– Иә, шынымен де саяси партиялардың Парламенттегі фракциялары маңызды дәрежеде жаңарды, жас шамасы төмендеді. Сонымен қатар саяси партиялардың фракцияларының құрамындағы әйелдер мен 35-ке дейінгі жас адамдардың үлесі ұлғайды. Әлбетте, жаңа адамдардың келуі Парламенті жұмысына серпін береді. Парламентте қаралатын сұрақтарға деген көзқарастардың жан-жақты болуына, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерінің ескерілуіне септігін тигізеді деген ойдамын.
– Еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін елге қандай заңдар қажет?
Жанна Кәрімова, ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зерттеу бөлімінің жетекшісі, әлеуметтанушы:
– Негізінен енді Заңдар өздігінен әлеуметтік мәселелерді шешпейді. Бұл көбінесе заңдар, мемлекеттік бағдарламалар, жол карталар көптеген саяси шешім кешені әлеуметтік мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Енді тікелей заң мәселесі жөнінде айтатын болсақ, қазіргі уақытта Мәжілістің жаңа құрылымының алдында тұрған басты міндеттердің бірі бұл – Әлеуметтік Кодексті қабылдау. Бүгінгі күнде қоғамды әлеуметтік қолдау, қорғау саласында 17 Заң, жүзден астам ереже күшіне енуде. Осы көптеген нормативтік-құқықтық актілерді жүйеге келтіру керектігі туындап отыр. Мұндай практика негізінен шетелдерде көп кездеседі.
Әлеуметтік Кодекстер бар. Біздің бүгінгі күні де осы жұмысты өткізу өте маңызды. Себебі Әлеуметтік Кодексті қабылдау негізінде қоғамның әртүрлі топтарына көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлеріне түгендеу жұмыстарын жасауға болады. Яғни ревизия жүргізу арқылы қандай әлеуметтік топтар әлі де болса толық дәрежеде қамтылмаған. Осы сұраққа жауап беру арқылы қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдауға болады.
– Президент айтқан реформаларды жүзеге асыру сөз жоқ, мықты заңнамалық база қажет. Қандай шешімдер қолға алынуы керек деп ойлайсыз?
Жанна Кәрімова, ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зерттеу бөлімінің жетекшісі, әлеуметтанушы:
– 6-шы шақырылымдағы депутаттардың бастап кеткен жұмысы 5 институционалды реформалардың заңнамалық сүйемелденуін қолға алу болатын. Қазіргі уақытта мысалы, 15 қаңтарда Президент Мәжілістің жаңа құрылымына Үндеу жариялайтын болады. Реформалардың жаңа пакеті күтілуде. Сонымен қатар қаңтар айының соңында Президенттің төрағалығымен кеңейтілген жаңа Үкіметтің отырысы өтеді. Ол кезде 2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралады және ақпанда Ұлттық қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтеді. Яғни бірқатар жаңа реформа ұсынылады. Осы реформалардың заңнамалық сүйемелденуін қамтамасыз ету тікелей Мәжілістің қарауында болады. Сонымен қатар 2021 жылға арналған Үкімет тарапынан заң жобаларды әзірлеу жоспары қабылданды. Бұл жоспар бойынша 19 заң жобасын әзірлеу қарастырылған. Оның бесеуі алдыңғы 6 айда қарастырылатын болса, оның 14-і екінші жартыжылдықта Мәжіліспен қаралатын болады. Сонымен қатар пандемияға байланысты бәріміз білеміз экономикалық қиындықтар туындады. Осы экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша жоспар 2020 жылдың желтоқсанында аяқталған болатын. Менің ойымша, 2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қорытындылаған соң бәлкім келесі жоспарға жол ашылатын шығар.
– Студиямызға келіп, халықты мазалаған сұрақтарға жауап беруге уақыт тапқаныңыз үшін сізге көп рақмет!