Алғашқы отырыс: Үкімет індетпен күресті күшейтпек
Бұл жайында Үкіметтің жаңа құрамдағы алғашқы отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Десе де осы сәттегі ақпарға сүйенсек, індет күшейіп барады, соған байланысты бірқатар өңірде халықтың жүріп-тұруына шектеулер енгізілуде.
Министрліктің болжамы қуантпайды, індет қашан күшейеді, екпе әуелі кімдерге егіледі?
Риат Шони, тілші:
- Жаңа құрам, алғашқы отырыс. Екі министрден өзге ештеңе өзгерген де жоқ. Тек Мұхтар Тілеуберді енді Сыртқы істер министрі қызметімен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары міндетін атқаратын болады. Бұрынғыдай бүгін де Үкімет отырысы таңғы сағат тура 09:00-де басталды. Коронавирус күшейіп барады. Сондықтан Үкіметтің жаңадан жасақталған құрамының алғашқы отырысы да індетпен күреске арналды. «Коронавирус инфекциясының таралуы белең алып барады», – дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Қызыл аумаққа тағы үш өңір қосылды. Олар: елорда, Қостанай мен Павлодар облыстары. Ал Алматы мен Қарағанды аймақтары болса, жасылдан сары аумаққа өтті. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облысы да бар.
Қазір бірқатар өңірде жүріп-тұруға шектеулер енгізілген. Ел бойынша 15 санитарлық және төрт блокбекет қойылған. Олар Алматы, Қостанай, Ақтөбе және Атырау облыстарында тұр.
Алексей Цойдың болжамы қуантпайды. Індеттің қазақша айтқанда шарықтау шегі наурыз айының соңына келуі бек мүмкін. Министрдің реалистік және пессимистік сценарийі бойынша, бұл кезде тәулігіне 6 – 9 мыңға дейін инфекция жұқтыру жағдайы тіркелуі мүмкін. Емдеу мекемелерінде шамамен 45 мыңға дейін төсек орын қажет болады. Ал әзірленген төсек орнының саны 52 мың екенін айта кетейік. «Бірақ денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін арттырмай, сапалы медициналық қызмет көрсету үшін карантин шараларын қатаңдатуға тура келеді», – дейді министр.
Ал коронавирустан вакциналау Қазақстанда 1 ақпанда басталады. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин облыс әкімдері мен бірқатар мемлекеттік органның басшыларына мынадай тапсырмалар берді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге медицина ұйымдарын 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналануға дайын болуын қамтамасыз етсін. Егу пунктерінде вакцинаның сақталуына арналған қажет жабдық болуы тиіс. Сонымен бірге медицина қызметкерлерін оқыту қажет. Бір апта ішінде егу пунктерінің және вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырамын.
Сонымен вакциналау алты кезеңге бөлінбек:
- Жұқпалы аурулар ауруханасының, жедел жәрдем қызметінің, реанимация бөлімінің қызметкерлері;
- Мұғалімдер мен ведомстволық медициналық қызметтердің мамандары;
- Мектеп-интернаттардың педагогтері, балабақша, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар;
- ІІМ, ТЖМ, ҰҚК қызметкерлері және стационарлардағы медицина қызметкерлері;
- Медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлері, жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері;
- Қалған топтарға екпе егіледі.
Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша 2 млн адамды вакциналаудың арқасында вирус жұқтырушылардың саны 40 мыңға дейін азаяды. Ал биыл жыл соңына дейін елде 6 млн-ға жуық қазақстандық екпе алады деп жоспарланған. Оның 2 млн-ы алғашқы жартыжылдықта болса, қалғаны екінші жартыжылдықта екпе алады.
Айта кету керек, қазіргі таңда отандық вакцина клиникалық сынақтың үшінші фазасын өтуде. Ал ресейлік Sputnik V вакцинасының сапалық аттестациясы тексеріліп жатыр.
Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов