Қ.Тоқаев елдегі эпидемиялық ахуал жайында Денсаулық сақтау министрінің мәліметтерін тыңдады
Елдегі эпидемиялық ахуал жайында министрдің мәліметтерін тыңдады.
«Елдегі эпидемиялық ахуал бақылауда, бірақ індетті жұқтырғандар саны көбейіп бара жатыр», – деді министр. Қазір елдегі жұқпалы аурулар стационарлары – 33%, ал жан сақтау бөлімдері 21% толған.
Алексей Цойдың айтуынша, адамдардың коронавирустан қайтыс болу деңгейі былтырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендеген.
Қабылдау барысында пандемияның таралуы және онымен күрестегі Қазақстанның рейтингі де айтылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 1 миллион адамға шаққандағы індетке шалдыққандардың саны бойынша Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында тұр. Ал өткізілген тест сынамаларының саны бойынша 67-орынға шықса, өлім-жітім бойынша 94-орында.
COVID-19-дан жазылып шыққандардың саны бойынша Қазақстан 48-орынға тұрақтаса, дерттің ауыр тиюі тұрғысынан 50-орында.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, халықты ақпараттандыра отырып, жаппай вакцина егуге дайындықты сапалы жүргізуді тапсырды.