Қ. Тоқаев: шетелдік және отандық жұмысшылар арасындағы еңбекақы көлемінің алшақтығына жол бермеу қажет
Әңгіме барысында өндірістерді жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, өндірілетін өнім түрлерін кеңейту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы өндіріс қуатын жаңғыртуға және арттыруға тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, кеме жасау, автокөлік өнеркәсібі және электротехникалық өндіріс салалары бойынша жаңа тауарлар шығаруды қолға алу керек. Тараптар атмосфераға бөлінетін қалдықтарды азайту мәселесіне ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен жергілікті тұрғындармен тілдескенде, олар ең әуелі экология мәселесін айтты. Сіздердің компанияларыңыз Теміртаудың ауасын ластап отыр. Экология туралы жаңа кодекстің қабылдануы бұл ретте сіздерге басқа жауапкершілік пен міндет жүктейді. Осы құжатты біз бірлесе отырып жүзеге асыруымыз қажет. Бұл, әрине, ауқымды жұмыс. Бірақ бұл мәселені шешу керек. Себебі елдің халқы, оның ішіндегі осы аймақтың тұрғындары экологиялық ахуалға ерекше мән бере бастады.
Лакшми Миттал, «Арселор Миттал» компаниясының басқарма төрағасы:
- Біз бұл мәселеге қатысты алдағы 10 жылға арналған жоспар жасадық. Теміртау мен Қарағанды қалаларының экологиялық ахуалын жақсарту үшін 3 млрд доллар көлемінде инвестиция саламыз.