Қ. Тоқаев: сот жүйесіндегі реформалар әділ сот төрелігін орнықтыруы тиіс
Соңғы бес жылда сот саласының 17 өкілі пара алып, істі болыпты. «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасына не себедінің» кері. Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізіп, саланың біраз шикі тұстарынан өзінің де хабардар екенін жеткізді.
Пара алудан бөлек 30-ға жуық судья теріс әрекеті үшін жұмыстан қуылған. «Тура жолдан таюға бейім тұратын жандарға сот саласында орын жоқ», – деді Президент. Саланы мұндай мамандардан тазартуды тапсырды. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құра аламыз.
Судья пара алды. Судья заңсыз шешім шығарды. Судья сот әдебін бұзды. Оған дәлел – осы бейнетаспалар. Күні кеше Жоғарғы Cоттың тағы бір судьясы ірі көлемде пара алып жатқан жерінен қолға түсті. Өкініштісі, салаға кеше келген жас маман емес, бақандай 30 жылдық тәжірибесі бар екен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды. Жоғарғы Сот Кеңесінің және Жоғарғы Соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс.
Президент бұған дейін кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіргендердің әрекетін қатаң жазалау қажеттігін бірнеше рет көтерді. «Бизнеске шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен жекелеген тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керек», – деген Мемлекет басшысы. Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеп, арнайы заң әзірлеуді де тапсырған. Бірақ аталған құжат әлі де кабинеттердің арасында сабылып жүр. Парламентке жетпепті.
Рүстем Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:
- 2018 жылы тек екі заңды тұлға ғана өзінің мүліктік шығынын қалпына келтірді. Бірақ мұндай іспен басы шатылып жүргендер өте көп. Арыз-талабымызды Жоғарғы Сотқа дейін жеткізу үшін шығынды өтеуге қатысты тағы да бөлек шағымдануыңыз керек. Жекелеген шенеуніктер мен кейбір мемлекеттік органдардың мәселені ақшамен шешетінін бәрі білуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздер айтқандай, бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты «кедергілер арқылы жүгіру» дейтін лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін.
Пандемия тұсында біздегі соттардың отырысы толығымен онлайн форматқа көшті. Мойындау керек, сала техникалық тұрғыдан дайындығын көрсете алды. Төтенше жағдай енгізілген алғашқы аптада соттар күніне бір мыңға жуық істі қашықтан қараса, кейіннен күніне 4.5 мыңға дейін сот процесін жүргізді. Бүгінге дейін 300 мыңнан астам онлайн-отырыс өтіпті. Істі қашықтан қарауға машықтанған соттар: «Жаңа тәсілмен жұмыс істеуге дайынбыз», – дейді.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы:
- Жергілікті жерде судьяны тұрғындардың бәрі таниды. Жеңіліп қалған тарап міндетті түрде жеңуші тараптың судьямен байланысы бар деп күдіктенеді. Сондықтан бұдан былай сотқа келіп түскен істі судьяларға Сот Төрағасы емес, IT-жүйе өзі автоматты түрде бөліп береді. Мәселен, жауап беруші тараптар Шымкенттен болуы мүмкін, ал істі Петропавл немесе Оралдағы сот қарауы мүмкін. Арада ешқандай тікелей байланыс болмайды, сондықтан сыбайлас жемқорлықтың да болуы мүмкін емес.
Президент енді соттың құзыреттілігін аумақпен шектемеу керегін де айтты. Яғни талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал сот басқа аумақта болса, өзара келісіп, істі одан әрі жүргізе беруге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрине, бұл үшін тараптардың келісімі болуы керек. Идея аяқ астынан пайда болған жоқ. Пандемия кезінде соттардың істерді қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті. Бұл – сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурсты айтарлықтай үнемдеу деген сөз.
Сот саласына енгізілетін жасанды интеллект соттың жұмыс жүктемесін азайтады деген болжам бар. Бас судья осы арқылы сыбайлас-жемқорлықтың да алдын аламыз дейді. Бірақ жасанды интеллектінің аты – жасанды интеллект. Ол шешімді жанымен сезініп қабылдамайтынын да ұмытпаған жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кез келген жасанды интеллектінің қатысуымен атқарылған жұмыстың артында белгілі бір тәуекел тұрады. Сондықтан мұны егжей-тегжейлі зерттеп барып, әзірлеуді тапсырамын. Жасанды интеллект оған енгізген көптеген сот актісі негізінде ғана істің ықтимал нәтижесін болжай алады. Бірақ дұрыс қабылданбаған шешімдердің кесірінен қателік туындау қаупі де бар.
Бізде үкім шығаруда өрескел қате жіберген судьялардың да нақты статистикасы жоқ екен. Өйткені заң бойынша олар тәуелсіз, ешкімге есеп беруге міндетті емес. Сот шығарған солақай шешім кейде бәзбіреулердің өміріне нұқсан келтіріп жатады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жоғарғы Сот Төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешім қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз.
Қазір елімізде әрбір төртінші азаматтың басы дауға шатылған. Статистикамен сөйлесек, үш миллионға жуық арыз сотта жатыр. Республика бойынша күн сайын алты мыңнан астам шешім мен үкім шығарылады. Бір судья орта есеппен төрт, ал елорда мен Алматыда онның үстінде сот актісін қабылдайды. Ал ешкімнің шен-шекпеніне, атақ-дәрежесіне қарамай шешім қабылдау кез келген судьяның парызы. Бірақ қазақта сөз бар, «Билік айту оңай, біліп айту қиын». Сондықтан әділ шешім қабылдап, даулы іске төрелік айтатын сот өте сауатты, қарым-қабілеті жоғары болуы шарт. Осы үдеден шығу үшін бұл салаға түбегейлі өзгеріс керегін Президент тағы да нақтылап айтты.