Садыр Жапаров ең алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастады
Елдің бас сарайында оны Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Қырғыздың жаңа басшысы біздің елмен байланысты бұрынғыдан да тереңдетуге ниетті. Тіпті Жұбан ақынның бір шумақ өлеңін оқып елді елең еткізді.
Садыр Жапаровтың ел билігіне келгеніне бүгін тура 50 күн. Президенттікке сайланған бойда алғашқылардың бірі болып Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы шақырту жіберген-ді. Қырғыздың Президенті мұны «шоң» мәртебе ретінде қабылдапты.
Садыр Жапаров Орталық Азия мемлекеттері арасында, ең алдымен, Қазақстанға баруға сөз берген. Уәдесінде тұрды. Бұл – оның Президент ретіндегі ең алғашқы мемлекеттік сапары.
Қырғыз Президентінің жасы 52-де. Ел саясатына 2005 жылдары депутат ретінде келіп, Мемлекет басшысы деңгейіне жетті. Ол – айыр қалпақты ағайынның алтыншы президенті. Бұған дейін де қазақ-қырғыз басшылары жылына ең кемі екі рет жолығып отыратын. Алтыншы Президенттің де алғашқы сапарының бағдарламасы ауқымды боп шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сапарыңыздың рөлі айрықша деп айтуға болады. Өйткені бұл сапар екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа серпін береді деп сенеміз. Шын мәнінде, халықтарымыз бір туған. Қазақстан мен қырғыз арасында достық бар. Біз – тек одақтас ел емес, бауырлас мемлекетпіз.
Қазақстанды әркез «аға» тұтатын қырғыз бауырдың бұл жолғы ілтипаты да ерекше болды. Бауырлас жандардың кездесуіне қатаң хаттаманың тәртібі жүрмейді. Амандық-саулық сұрасуының өзі – саяси әріптестіктен гөрі аға мен іні арасындағы байланысқа жақындау. Арадағы бауырластықты Қырғыз Президенті Жұбан Молдағалиевтің төрт шумағымен келтіріп өтті.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- «Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанмын.
Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки,
Бөліп берген егізге уыс нанын».
Осы төрт шумақта қырғыз бен қазақтың бір-біріне қалай жақын екенін терең мағынада түсіндіріп кеткен. Біз одан артық жеткізе алмаймыз.
Кеңейтілген құрамдағы әңгіме салмақты тақырыптар төңірегінде өрбіді. Пандемия кезінде Қазақстан көрші елге қолдан келгенше көмек қолын созған. Барын бұлдамай, гуманитарлық көмек жіберді, медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етті.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Біз сіздермен конструктивті диалог түзуге әрдайым дайын. Қырғыз Республикасы екі елдің бақуатты тұрмысы үшін Қазақстанмен көпқырлы сыртқы саясатын активті ұлғайтады деп сендіремін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіз қолға алған маңызды саяси әлеуметтік-экономикалық бастамаларыңыздың еліңізді биік белестерге жеткізуіне тілектеспіз. Жауапты қызметіңізге лайым сәттілік серік болсын! Осы орайда біз қырғыз ағайындарымызды қолдауға әрдайым дайын екенімізді атап өткім келеді.
Биыл екі елдің де тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде 180-ге жуық құжатқа қол қойылған екен. Бүгін олардың қатары тағы сегіз құжатпен толықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан – Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі және көш бастаушы инвесторларының қатарына кіреміз. Біз соңғы 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді.
Қол қойылған сегіз құжаттың сүбелісі – саудадағы кедергілерді азайту, кеден, салық органдары арасындағы байланысты реттеу. Қазақ-қырғыз кәсіпкерлерінің алыс-берісін кеңейту үшін жақын күндері қазақстандық делегация Қырғызстанға арнайы сапармен бармақшы және шекара бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін де арнайы шаралар қабылданып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы ең ірі «Қордай-Ақжол» бекетін жаңғырту жұмыстары – соның айқын дәлелі. Енді жұрттың шекарадан қиналмай өтуіне жағдай жасалмақ. Бекеттің жабдықтары жаңартылды. Сегіз жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режимін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көліктердің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Келісім бойынша, қырғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайды.
Келіссөзде су-энергетика саласындағы келісім жайы да айтылды. Трансшекаралық су қорын теңдей пайдаланған абзал. Өйткені ондаған миллион халықтың тағдыры да, тұрмысы да осы суға тәуелді боп тұр. «Бірақ Шу мен Талас өзендерінің аңғарын пайдалануда әзірге келіспеушілік туындаған жоқ», – десті Президенттер. Су шаруашылығы нысандарын қос елдің бірлескен комиссиясы бақылап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлдік.
Ұлы Абайдың шығармаларында: «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір туғанына таласпайды», – деген жолдар бар. Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматовтың, Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Оспанқұлдың шығармасында да кездеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы», – деген жыр жолдарын мысалға келтірді. «Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады», – деді Президент.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Президенттердің кездесуінде мәдени-ағартушылық саладағы байланыс та тыс қалмады. Қазір Бішкектен Қазақстанның беделді оқу орнының филиалын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал Қазақстан Үкіметі қырғыз жастарына бөлінетін білім грантын 10 есе көбейтпекші және таяу арада Бішкекте Абай Құнанбаевтың, ал елордада Манас пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіштері бой көтермек.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Аят Елшін, Айдос Ентебеков