Президент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады
Бұл жайында Президенттің қабылдауында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты. Агенттік төрағасы Президентке Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба туралы айтып берді. Оның құрамына екі бағыт және 33 негізгі жоба кіреді. Бұл жобалар сауда биржасы нарығындағы электр энергиясы, ауыл шаруашылығы тауарлары, көлік, байланыс, ІТ қызмет салаларындағы кедергілерді жойып, бұл қызметтерді қазақстандықтар үшін қолжетімді ете түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сауда биржасы жүйесінің іске қосылғаны туралы айтылды. 2021 жылдың 25 наурыз күні битумның саудасы басталған. Ал 31 наурызда жанармай, сәуір айының басында көмір саудаға түсе бастайды. Бұл өз кезегінде нарықтың ашықтығын қалыптастырып, оған болжам жасау тиімділігін арттыра түседі. Мемлекет басшысы ұн нарығының ерекшелігін және оның экспорттық әлеуетін ескере отырып, ұнды биржалық тауарлардың тізіміне қосуға ерте деп шешті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бәсекелестікті қорғау жөніндегі жаңа заң жобасымен танысты. Президент бәсекелестікті одан әрі дамытуға, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жақсартуға, дәрілік заттар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарын реттеуге қатысты бірқатар тапсырма берді.