Қ. Тоқаев: дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстан ҚХР-мен көпжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға ниетті
Қазақстан дағдарыстан кейінгі кезеңде де көрші елмен стратегиялық байланысты одан әрі дамытуға ниетті. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдаған Президент осылай деді.
Қазіргі күні жолаушылар тасымалы мен жүк айналымын жандандыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысын қалыпқа келтіру де маңызды. Бүгінде қос елдің халықаралық деңгейдегі ұстанымдары ұқсас. Сондықтан халықаралық ірі ұйымдардың аясындағы бірлескен бастамалар да жалғаса береді.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай халқын коронавируспен күрестегі жеңісімен және экономиканы қайта қалпына келтірудегі жетістігімен құттықтады. Пандемия кезіндегі Қытайдың елімізге көрсеткен көмегін жоғары бағалады. Қытай Төрағасы Си Цзиньпинге ыстық сәлемін жолдаған ол Қытай басшысын елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.