Қ. Тоқаев Тәжікстанның Премьер-министрі К. Расулзодамен кездесті
Ескерткіш «Ұлттық келісім және Тәжікстанның қайта өрлеуі» мемориалды кешенінде орналасқан. Іс-шарадан кейін «Наурыз» сарайында Қазақстан Президентінің құрметіне Тәжікстан Президентінің атынан ресми қабылдау өтті.
Сондай-ақ сапары барысында Президент Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен де кездесті. Кездесу барысында қос елдің парламентаралық ынтымақтастығының бүгінгі жай-күйі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында Тәжікстан Президентімен келіссөздердің табысты әрі жемісті өткенін айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Тәжікстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде заң шығару саласы бойынша бірлесіп жұмыс істеу – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі. Ал Тәжікстанның Мәжілісі Төрағасының айтуынша екі ел парламентаралық байланыстарды тиімді жүргізіп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті. Онда Президент Эмомали Рахмонмен өткізген келіссөздердің нәтижесі туралы айтты. Екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысындағы жаңа уағдаластықтар мен Тәжікстан Президентінің алдағы уақытта Қазақстанға жасайтын сапары барысында қол қойылатын жаңа келісімдердің әзірленіп жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысының ойынша, Қазақстан тәжік тарапымен ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша конструктивті және нақты жұмыстар жүргізуге әзір. Кохир Расулзода Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқанына және оның символдық мәніне тоқталды. Кездесуде қос Президент қол жеткізген уағдаластықтардың орындалуына, атап айтқанда, сауда-экономикалық әлеуетті және инвестиция көлемін одан әрі арттыруға баса мән берілді.