Қ. Тоқаев БҰҰ дөңгелек үстелінде бейнеүндеу жасады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында өзінің бейнеүндеуінде айтты. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бастамасымен өндіруші салалардағы мәселелерге арналған жаһандық жиынға мемлекет пен Үкімет басшылары онлайн форматта қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, коронавирустан кейінгі қалпына келу кезеңі – бұл қоршаған ортаны қорғау мәселесін халықаралық күн тәртібіне шығаратын бірегей мүмкіндік. Бұл ретте Қазақстан кез келген бастаманы қолдауға әзір. Мысалы, біздің ел – ТМД-да Париж келісімін алғаш болып мақұлдаған мемлекет. Президент жаһандық жиында Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті екенін айтты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өндіруші сектор өнеркәсіптің 50% құрайтындықтан, Қазақстан әлемдегі энергияны көп қажет ететін елдердің бірі болып қалатынын айтады. Дегенмен электр энергиясын өндірудің шамамен 70% әлі де көмірге тәуелді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Энергетикалық баланс үшін көмірді жағуға деген тәуелділікті төмендету үшін мынадай негізгі басымдықтарды шешуге бағытталған ұлттық жоба әзірленетін болады. Олар – газ және гидроэнергетиканы дамыту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану. Сонымен қатар алдағы бес жылда Қазақстанда 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Саналы саясат пен инвестициялардың көмегімен біз неғұрлым жасыл жаһандық экономикаға бет бұра аламыз. Осы мақсатқа жету үшін жеке және мемлекеттік секторлардың есебінен қаржы ресурстарын жұмылдыру аса маңызды. Бірақ бұл ретте қоршаған ортаны қорғау сауда мен инвестиция үшін кедергі ретінде пайдаланылмауы тиіс. Мен Қазақстанның осы өршіл бастамаларды қолдауға әрқашан әзір екенін растаймын.