Қасым-Жомарт Тоқаев ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесус Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған онлайн кездесуде осындай болжам айтты. Тараптар әңгімелесу кезінде COVID-19 індетіне қарсы вакцина салу үдерісіне баса мән берді. Президент ұйым басшысына қазақстандық QazVac вакцинасының клиникалық сынамаларының алдын ала нәтижелері туралы айтты. Отандық вакцинаның тиімділігі – 96%.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кешегі сессиясында әлем елдері үлгі аларлық ой-пікіріңізді ортаға салдыңыз. Екпе алу бойынша айтқан 10% меже өте орынды. Бастамаларыңызды қолдаймыз. Пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергендеріңіз үшін ұйымға ризашылығымды білдіремін. Бұл індет өршіген тұста онымен күресу үшін уақытылы көрсетілген көмек болды. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын өзінің маңызды әріптесі санайды.
Тедрос Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияға қарсы күрестегі еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар ол QazVac екпесін қолдайтынын жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық өнімді вируспен күресте қолдануға болатын дәрі-дәрмек қатарына қосу мәселесін қарауға дайын ендігін айтты.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
- Сіздерге де бізбен әріптестік орнатқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Қазақстанда коронавирусқа қарсы нақты шаралар жасалып жатқаны мені қуантты. Вакцина салу науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр екен. Бұл өте жақсы үрдіс. «Халықтың 55% екпе саламыз» деген мақсаттарыңыз орынды. Жыл соңына дейін әлем халқының 30% вакцина салдырса деген ойымыз бар. Бұл меже 40% жетсе, тіпті қуанамыз.