ҚР Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылу салтанатында бейнеүндеу жасады
Президент бейнеүндеуде пандемияның аяқталу кезеңі мен барлық індет түрлерінің таралуын болдырмау, жалпы қауіпсіз әлем құру жолындағы ойларымен бөлісті. 24-ші мамыр мен 1-ші маусым аралығында өтіп жатқан шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше барлық 194 мемлекеттің делегаттары қатысып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржылық тұрғыда тәуелсіз ету мәселесіне тоқталды. Әрі жұмыс тиімділігін арттыру жолында бұл ұйымды реформалауды дұрыс шешім деп есептейтіндігін айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің күшті жүйесін құру жөнінде де пікір білдірді. Сонымен қатар ол Алматыдағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі аймақтық кеңсесін нығайтып, оны Орталық Азиядағы және одан тыс елдерге қызмет көрсететін құрылымға айналдыру жөніндегі ойымен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Адамзат баласы әрбір қателіктен сабақ алуы тиіс. Біз бас директор Тедрос Гебрейесустың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын реформалауға және күшті, неғұрлым тиімді және қаржылық жағынан тәуелсіз қылуға бағытталған ұсыныстарын толық қолдаймыз. Бұл болашақтағы барлық сын-қатерге төтеп бере алуы тиіс. 1978 жылғы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Алматы декларациясынан кейін 30 жылдан астам уақыттан соң да денсаулық сақтау саласына қол жеткізудегі теңсіздік мәселесі әлі де өзекті. Еліміз сондай-ақ, 2018 жылы қабылданған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Астана декларациясының негізгі принциптерін екіжақты және көпжақты деңгейде алға жылжыта бермек. Пандемия алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің күшті жүйесі кез келген жұқпалы ауруға тиімді төтеп берудің ең маңызды шарты екенін айқын дәлелдей түсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге біз оның Алматыдағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі аймақтық кеңсесін нығайтуға ниеттіміз. Осылайша, бұл кеңсе Орталық Азиядағы және одан тыс барлық елдерге қызмет көрсете алар еді.