Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын қорытындылады
Президенттің көмекшісі әрі Кеңестің хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша, осы мерзімде қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс екіжақты сипат алды, яғни бір-бірін ести алатын болды. Осы уақыт ішінде Президенттің өз қатысуымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5 бірдей отырысы өтіп, кеңестің бастамасымен бас-аяғы 17 заң қабылданған. Президенттің саяси реформаларының бірінші пакеті аясында 8 заң қабылданса, оның ішіндегі ең маңыздысы – «Жиындар» туралы заң болатын. Мемлекет басшысы қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен 28 рет жеке кездесіпті. Осы кезеңде кеңес құрамына үш рет ротация жүргізілген.
Ерлан Қарин, ҚР Президентінің көмекшісі, ҰҚСК хатшысы:
- Осы диалог құрылған кезде әріптестер мен сарапшылар арасында күмән келтіргендер болды. Бірақ өзіңіз көріп отырсыз, екі жыл толды. Екі жылдың ішінде айтарлықтай үлкен жұмыс атқарылды. Оның көрсеткіші көтерілген бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 17 заң қабылданып отыр. Президенттің 3 Жарлығы, 28 түрлі министрліктің бұйрықтары қабылданды.
«Екі жылдық белес, бірақ алда жұмыс көп», – дейді кеңестің мүшелері. Енді олар кеңестің орталықта қабылдайтын шешімдерінің аймақтарда қалай жүзеге асырылып жатқанын қарау үшін өңірлерге аттанбақ. Ал кеңестің мүшесі, заңгер Марат Бәшімов кеңес аясында тұтынушылардың құқығын қорғайтын заңды күшейту керек деп санайды. Оның айтуынша, қазір бизнес өкілдерін қорғау трендке айналып кетті. Алайда халықтың мүддесі назардан тыс қалып отыр.
Марат Башимов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Ұлттық кеңес үлкен-үлкен мәселелерді қозғап отырады. Осының ішінде тұтынушыларды. Барлығымыз да Қазақстан азаматтарымыз, тамақ аламыз, киім аламыз. Оның бәрі адамның құқықтары. Ұлттық кеңес заң жобаларын іске асыру керек. Бизнесті қорғаймыз деп айтамыз. Қорғаушылары көп. Ал қарапайым азаматтың құқықтарын қорғайтындар аз.