Парламент депутаттары демалысқа шықты
Спикер келтірген мәлімет бойынша, Парламенттің қос палатасының бірлескен 3 жиыны, Мәжілістің 23, Сенаттың 21 пленарлық отырысы өткізілген. Қос палата депутаттары да бұл сессияда ауқымды жұмыстар атқарды. Қабылданған заңдардың көпшілігі Президенттің тікелей тапсырмасымен әзірленді.
7-шақырылымда Сенат депутаттары 7%, Мәжілістегі депутаттық корпус тіпті 70% өзгерді. Ұзаққа ұласқан пандемия парламентарийлердің жұмысына кедергі болған жоқ. Мәжіліс те, Сенат та күнделікті жұмысын тоқтатпады, барлық жиын, жұмыс тобы, комитет отырысы, халықаралық кездесу онлайн форматта өтті. Елдегі жағдайды ескеріп, парламентшілер қашықтан жұмыс істеу талаптарын заңмен бекітті.
Жанат Омарбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге жіберу тәртібі регламенттелді.
Парламент қысылтаяң шақта үшжылдық бюджетті елеп-екшеп қабылдады, Үкіметке оны тиімді пайдалану жолдарын ұсынды. Коронавируспен күресуге бюджеттен 265 млрд теңге бағытталды. Қазынадан әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд теңге қаралса, жолдарды жөндеп, қалпына келтіруге 140 млрд теңге бағытталды. Одан өзге еңбекпен қамту, ауыл бағдарламалары және бар.
Динар Нөкетаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Пандемия жағдайында барлығымыздың тікелей жұмысымызды жаңа форматта істеуге тура келді. Әрине, 7 рет шақырылған Парламенттің бірінші сессиясы депутаттық корпус үшін өте ауқымды болды. Әлеуметтік саланы алатын болсақ, әсіресе инклюзивті білім беру туралы заңға өзгерістер енгізілді. Бұл – біздің депутаттардың бастамашылығымен жасалған заң жобасы.
Қос палатаның қарауына 104 заң жобасы келіп түскен, оның 63-і қабылданды, ал 58-іне Президент қол қойды. «Олардың дені – Мемлекет басшысының саяси реформаларын қолдау мақсатында әзірленген заңдар», - деді Мәжіліс Төрағасы. Сайлау туралы заң өзгертіліп, саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендету және сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» деген графа енгізілді. Президент тапсырмасымен өнеркәсіптік саясат, әкімшілік құқықбұзушылық, сот жүйесі, әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыптары сараланып, жаңа нормалар бекіді.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасына сәйкес субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайды және осы комиссияны қалыптастыру тәртібін Үкімет бекітеді.
Халықты толғантқан жер мәселесі тас түйін шешілді. Президент тоқетерін айтып, жер енді заң жүзінде шетелдікке сатылмайды да, жалға да берілмейді. Есесіне, өзіміздің отандастарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру ережесі айқындалды. Парламенттегі бар құжат қоғаммен бірге қаузалды.
Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:
- Бұл процесс қарапайым болуы үшін заңды тұлғаның ішінде тек қана жеке тұлғалар және қазақстанның азаматтары болуы керек.
Ел әлеуетін көтеруі тиіс деген туристік қызмет, квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларға қатысты заң жобаларын да Парламент сүзгіден өткізіп қабылдады. Мәжіліс пен Сенат депутаттары өздері бастамашылық етіп әзірлеген 24 заң жобасын қарады, оның 15- і қабылданып қойды. Мәжілісмендер 233, сенаторлар 45 депутаттық сауал жолдады. Ауыз судан бастап, білім, денсаулық тіпті инновациялық дамуға қатысты тақырыптар көтерілді.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Монополияға қарсы органдар жұмыртқа, күнбағыс майы, қант, қарақұмық, сүт өнімдері, макарон сияқты тауар өндірушілер талай ескерту алса да, өнім арзандаған жоқ. Қымбатшылық жайлап барады, бағаны ырықтандыруды жүйелі қолға алатын кез келді.
Ғұмар Дүйсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сағат бойынша су беру тұрғындардың әділ наразылығын тудыруда. Су мәселесін шешуде үлкен жерасты тұщу су көзі орналасқан Қызылқоға ауданындағы полигонның бір бөлігін иелігінен шығару жөнінде РФ келіссөздер жүргізу қажет.
Бұл сессияда Мәжілісте партияаралық кеңес құрылып, Парламентке енбеген партиялықтар заң шығару процесіне белсене араласуға мүмкіндік алды. Президенттің саяси реформасын қолдау мақсатында тұрмысты түзеп, экономикалық өсуге әкелетін заңдар қабылданды. «Бұл тәуелсіз елдің азаматына сенім ұялатады», - деді Мәжіліс спикері.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Жалпы осы сессияда уақыт талабына сай жедел және нақты қадамдардың арқасында біз Елбасымыздың және Президентіміздің алға қойған міндеттерін сапалы заңдармен қамтамасыз еттік. Ол заңдар, ең алдымен, әрбір азаматты әлеуметтік жағынан қорғауға, азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге, өмір сапасын арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар тиімді заңдардың арқасында елімізде саяси, экономикалық реформаларды одан әрі жалғастыруға заң жағынан нақты қадам жасалды, сондықтан Парламенттің қол жеткізген табыстары мен нәтижелері Қазақстанымыздың тәуелсіздігінің 30 жылдығына қосылған зор үлес деп білеміз.
Қазір Парламенттің қарауына 35 құжат келіп түскен. Олардың ішінде қоғамдық бақылау, жастар саясатына қатысты заң жобалары бар. Мәжіліс пен Сенат депутаттары енді ел аралап, жұртшылықтың проблемасына құлақ асады.
Авторы: Индира Жылқайдарова