Қарағанды облысында ауыл әкімі болуға 303 адам үмітті
Қазір сайлау науқанына үміткерлер тіркеліп, екінші кезең басталды. Онда әкім болуға ниеттілердің еңбек өтілі мен білімі қаралып, қызметке заңды тұрғыда кедергі бар-жоғы қаралады.
Сайлау жақындаған сайын саяси науқанға қызығушылық артты. Осыдан бір апта бұрын ғана партиялар тек 7 үміткер ұсынса, бүгінгі күні 87 адам саяси ұйым атынан тіркелген. 216 адам өзін-өзі ұсынып отыр. Олардың 100-ге жуығы сайлаушылардың қолын жинап үлгерген.
Ерқара Аймағамбетов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Ауылдық округтар бойынша негізгі бәсекелестік 4 адамнан келеді. Негізінде бүгінгі күнде 4-6 кандидаттан ұсынылғандар бар. 7 үміткер шыққан 2 округ бар. Былайша айтқанда бәсекелестік өте жоғары деңгейде жүріп жатыр.
Қазіргі сайланбақ болып отырған әкімдердің 69-ының осы уақытқа дейін өкілеттік мерзімі аяқталған. «Әкімді жергілікті халықтың сайлауы елдің саяси сауатын арттырып, билік пен бұқара арасына жол салады», - дейді сарапшылар.
Серікжан Байбосынов, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ҚОФ директоры:
- Біздің азаматтық қоғам қазір өте жоғары деңгейде дамып келеді. Осы сайлаудан кейін 2024 жылға қарай аудан мен қала әкімдерін де сайлауға болады деп ойлаймын. Басты көрсеткіш – осы сайлау нәтижесі. Бұл жерде міндетті түрде партия өкілі болады деген талап жоқ. Әркім өзін-өзі ұсына алады.
Бұл жолы бюллетеньдерде «Бәріне қарсы» деген тармақ болады. «Бұл – демократиялық қоғамның тағы бір талабы», - дейді сарапшы. Сайлау 149 елді мекенде өтеді, онда 134 мыңнан астам адам тұрады, оның ішінде 81 мыңы дауыс беруге құқылы азаматтар.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев