Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында вакциналау қарқыны күшейтілмек
Вирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты ведомствоаралық комиссия осындай шешім шығарды. Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың одан әрі ушықпауы үшін аталған аймақтарда демалыс күндері қоғамдық көліктердің қатынауына тыйым салынады. Бұған қоса демалыс және мереке күндері сауда үйлері, фитнес орталықтары, монша, кинотеатр, ашық және жабық базарлардың, білім беру орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылады.
Вакцина алған және соңғы 3 ай ішінде коронавирустан емделіп шыққан адамдарды қоспағанда, барлық ұйымның 80% қызметкері қашықтан жұмыс істеуге міндеттеледі. Сондай-ақ жиында Асқар Мамин өңірлердің әкімдіктеріне, әсіресе Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында вакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Сондай-ақ барлық өңірдің әкімдіктері, орталық мемлекеттік органдар денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын жұмылдыру, оның ішінде резервтік төсек-орындарды, дәрі-дәрмектерді, жеке қорғаныш құралдарын, медициналық жабдықтар мен кадрларды қамтамасыз ету бойынша барлық шараны қабылдауды тапсырамын. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке ерекше назар аудару керек. Карантиндің шаралардың бұзылуына жол берілмеу үшін барлығын жіті бақылауымыз керек.