Ричард Хогланд: Қазақстан – халықаралық аренада беделі бар ойыншы
Әсіресе аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне келгенде елдің ұстанымы сол бейбітшіл әрі берік күйінде қалды. Бұл жайында «Хабар» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хогланд айтты. Дипломаттың сөзінше, Қазақстан – халықаралық аренада беделі бар ойыншы. Оның үстіне Орталық Азия аймағының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету барысындағы біздің елдің жұмысын Вашингтон жақсы біледі және жоғары бағалайды.
Сондай-ақ ол АҚШ әскерінің шығарылуына байланысты ушыққан ауған мәселесінде америкалық тарап Қазақстанның қолдауына сенім білдіретінін жеткізді.
Ричард Хогланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2008-2011):
- «Талибан» қозғалысының күш алуы аймақта босқындардың көбейіп, радикалды исламның таралуына әкеп соға ма деген қауіп бар. Біздің елдің сыртқы істер қызметі бұл мәселені қазір бақылауда ұстап отыр. Біз барлық жағдайға әзір болуымыз керек. Қазақстан Ауғанстанға қатысты бірнеше гуманиралық бастама жүргізді. Сіздер ол жақта бірнеше білім-ағартушылық жобаларды қолға алып, ауған студенттеріне білім гранттарын тағайындадыңыздар. Сондықтан бұл бастамалар енді жақсы нәтижесін береді деп сенемін.
Америкалық дипмиссияның бұрынғы басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқаруындағы екі жылдығы туралы да пікір білдірді. Оның ойынша, екінші Президенттің еншісіне күрделі проблемаларды шешу міндеті тап келіп тұр. Әсіресе коронавирустық пандемия тіпті экономикасы мықты елдердің өзін есеңгіретіп тастады. Дегенмен ол қазіргі Мемлекет басшысының реформалар жүргізу тәжірибесін жоғары бағалайды. Оның ойынша, бұл қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға өте қажет қадам.
Ричард Хогланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2008-2011):
- Біздің елдердің дипломатиялық қатынасына 30 жыл болды. Осы жылдары біздің елдер арасында қалыптасқан қарым-қатынас жалғаса береді деп сенемін. Біз Қазақстанның бейбіт бастамаларын білеміз әрі қолдаймыз. Мысалы, Ферғана алқабындағы кикілжіңде, Таулы Қарабах қақтығыстарын реттеуде Қазақстанның ұстанымы тек бейбіт мақсатта болды. Сондықтан осы мәселеде жалпы сыртқы саясаттағы бағытын өзгертпейді деп сенемін.