Ақмола облысының әкімі Президентке есеп берді
Аймақ басшысы алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жіпке тізген. Сосын эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, облыс тұрғындарының тең жартысы екпе салдырғанын айтты. Өңірде дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Одан бөлек, егін егу және жем-шөп дайындау мәселелеріне тоқталды.
Ермек Маржықпаев: «Биыл жауын-шашын аз болды», – дейді. Салдарынан Торғай аймағы көбірек зардап шеккен. Осыған байланысты көршілес аудандарда бірлесе шөп дайындау жұмыстары ұйымдастырылған. Көктем келе, өңірдегі біраз елді мекенді су басатын. Облыс әкімі: «Осындай қауіпті аймақтарда тұратындарды жаңа үйлерге көшіреміз», – дейді. Ол үшін Атбасарда 100 пәтерлік 2 тұрғын үй кешені салынып жатыр.