СҚО тұрғындарының сайлаудан күтері көп
Халық енді елді мекендер дамып, оң өзгерістер болады деген сенімде. Өйткені аймақта қордаланып қалған түйткіл аз емес. Мәселен Соколовка селосында әлі күнге дейін су, жарық, жол мәселесі шешілмеген.
Татьяна Батцель Соколовка ауылына осыдан 10 жыл бұрын көшіп келген. Ол мұнда шешуді қажет ететін түйткіл көп екендігін айтады. Солардың бірі – жол мәселесі.
Татьяна Батцель, Соколовка ауылының тұрғыны:
- Бораннан кейін жол уақытылы тазаланбаған соң, жұмысқа кешігіп қалатын кездер жиі болады. Әрі бұл проблема жылда қайталанады. Әйтеуір біздің көшеде кәсіпкер тұрады. Техникасымен шығарып, жолды ашып береді.
Ауылдағы ең басты проблема ол – су. Тіршілік нәрі мұнда кестемен беріледі. Себебі құбырлар әбден ескірген. Ауыстыруды қажет етеді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Таңертең және кешкісін колонкалардың жанына ұзын-сонар кезек қалыптасады. Себебі мұнда су күніне екі мәрте беріледі. Оның өзінде қысым аз. Тұрғындардың айтуы бойынша бір құты суды толтыру үшін шамамен 20 минут уақыт қажет.
Сәлімкерей Ахметов, Соколовка ауылының тұрғыны:
- Халық көп жиналады. Кейде кезекке тұруға тура келеді. Тіпті су жетпей қалады. Ақшасын төлеп отырамыз, уақытылы беріп отырсын. Жақсы әкім болса, сайланса, халықпен бірге жұмыс істесе екен. Бәрі жақсы болады.
Соколовка Петропавл қаласынан 40 шақырымнан астам жерде ғана орналасқан. Бұрындары ол аудан орталығы болған. Қазір елді мекенде екі мыңнан астам адам тұрады.
Әлібек Жұмабеков, Соколовка ауылының тұрғыны:
- Айтқандары бәрі дұрыс. Су да жоқ, жарық та жоқ. Көбі жұмыссыз қалды. Бәрі қалаға жұмысқа барып тұрады. Автобус таңғы 7:00-де келеді. Ол барғанша сегіз, тоғыз болады. Кеш болып кетеді. Автобус кішкене ертерек келсе дейміз.
Халық өздері сайлаған ауыл басшысының атына заты сай болғанын қалайды. Бастысы, ол жұртпен бірге жұмыс істесе дейді. Жалпы өңірде 70 ауылдық округ пен Мамлютка қаласының әкімдері сайланады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев