Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Көкшетауға барды
Президентке балалар мен жасөспірімдерге арналған 1172 орындық Bolashaq saraiy таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы онкологиялық емханаға да барды. Ақмола облысындағы қазіргі эпидемахуалмен және денсаулық сақтау қызметінің жағдайымен танысты.
Бірінші борт Көкшетауға таңда келіп қонды. Ұшақтан түскен бойда Президент ауылшаруашылық техникасын құрастыратын кәсіпорынға барды. Цехты аралады. Аралады да агро салаға қажет машина жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау біз үшін басым бағыт саналады. Үкімет ауыл шаруашылығы мәселелерімен айналысуы қажет. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Азық-түліктің бағасы 40% қымбаттады. Біз еліміздегі бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Бірақ бұл оңай емес. Аталған мәселелерді шешеміз. Әрине, Қазақстан ауыл шаруашылығы дамыған ел болуы тиіс. Біз іс жүзінде өзімізді ауылшаруашылық өнімдерімен толық қамтамасыз етуге көшуіміз керек.
Зауытта Ресей және Қытай компанияларының комбайн, тракторлары жиналады. Былтыр 500-ден аса техника сатылса, биыл 600 шақты комбайн мен 150-дей трактор құрастыру жоспарда бар.
Азамат Жақыпов, компания директорының орынбасары:
- Тек екі модель емес, тағы да басқа астық жинау модельдерін осы Көкшетау өңірінде жинап шығаруды жоспарлап отырмыз. 4 модельге дейін астық жинайтын комбайндарды және 5 модель трактор шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ келесі жылдан бастап арнайы техниканы жинау жоспарда бар.
Компания тағы бір зауыт салмақ. Жасалған техниканы көріп, жоспарды тыңдаған соң Президент екінші нысанға аттанды. Мемлекет басшысы аялдаған бұл ғимарат Bolashaq saraiy деп аталады. Сәулеті келіскен кешен былтыр қарашада ашылды. Екі блоктан тұрады. Біріншісі зияткерлік және шығармашылық үйірмелерге арналған. Ал екіншісі спорттық бағытта жұмыс істейді.
Бірегей сарайда 76 үйірме бар. Кешенге мүмкіндігі шектеулі балалар да келе алады. Олар үшін екі кабинет жабдықталған. Мұндай сарай бұрын соңды Көкшетауда болмаған. Ерекшелігі...
Аят Әубәкіров, Bolashaq saraiy басшысының орынбасары:
- Ерекшелігі балалар өз білімін жетілдіре алады. Егер мұның алдында балалар көркем суретті тек қана көркем сурет мектебінен алып, спортпен тек қана спорт залдарда шынығатын болса, бұл жерде барлығын бір жерден алуға мүмкіншілік бар. 4 жастан 21 жасқа дейінгі балалар мен жастар қатыса алады. Яғни оқушылар да, мектепке дейінгі балалар да және студенттер де осы жерде өз білімін шыңдай түседі.
Осы Bolashaq saraiy ғимаратының ішінде Мемлекет басшысына облыс әкімі есеп берді.
Ақмола – астығымен аты шыққан аймақ. Алайда биыл ахуал күрделі. Үш айда түскен жауын шашын мөлшері небәрі 54 мм. Бұл жылдағы орташа көрсеткіштен 2 есе аз.
Президент осы ретте мал азығына да тоқталды. «Жем-шөпті қажет көлемде жиып алыңдар», - деді. Биылғы жаздың малға қиынға соққанын да еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биылғы жаз нені көрсетті?! Шаруалар малды сатып алады да, өздерін фермерміз деп атайды. Бірақ малдың азығына тиісті деңгейде қамданбайды. Қазір бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу керек.
Әкім Президентке халықтың алғысын жеткізді. Мемлекет басшысы Қосшыны облыстық маңызы бар қала қылу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл халықтың тілегі еді. Тілек бүгін орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев реті келгенде осынау шешімнің маңыздылығына тоқталды. «Елді мекенге қала мәртебесін беру Қосшының тынысын ашады», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қағаз бойынша Қосшыда 40 мың адам тіркелген. Бірақ, шынтуайтына келгенде, 80 мың азамат тұрады. Қандай да бір мәселелерін шешу үшін жұрт облыс орталығы Көкшетауға сабылады. Қанша уақыт кетеді. Сондықтан халыққа барынша ыңғайлы болу үшін Қосшыға қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.
Көкшетау – елімізде жылу орталығы жоқ жалғыз қала. Осыдан екі жыл бұрын шаһарға келген кезінде Мемлекет басшысы бұл жерде жылу электр орталығы салынатынын айтқан еді. Президенттің осы тапсырмасын орындау үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Әкім бұл жобаның қиын екенін атады. Бірақ бастаған істі аяқтау қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл жобаның құны өсті. 240 млрд теңге болды. Алайда оны салу маңызды. Жылу электр орталығы ұзақ жыл бойы қызмет етеді. Бұдан қала халқының тұрмысы жеңілдейді. Сондықтан Үкімет аталған жобаны соңына дейін жеткізеді деп ойлаймын.
Bolashaq saraiy ғимаратын аралап, әкімнің есебін тыңдап, тиісті тапсырмасын берген соң Президент онкологиялық емханаға барды. Баратындай-ақ еді. Себебі...
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Себебі Ақмола облысында онкологиялық ауру өршіп тұр. Өңір қатерлі ісікке шалдыққандардың саны бойынша республикада алдыңғы бестікке кіреді. Қазір облыста 9100-ге жуық азамат есепте тұр. Жыл сайын шамамен 2 мың адамнан қатерлік ісік анықталады.
Мұнда соңғы үлгідегі компьютерлік томография, бірнеше МРТ мен ультра-дыбыстық зерттеу аппараты және цифрлық рентген бар. Бұған дейін тұрғындар онкологиялық диспансердің ескі әрі тар ғимаратында емделуге мәжбүр еді. Одан ем таппаса, өзге қалаларға сабылатын.
Талғатбек Мұқышев, Ақмола облысының тұрғыны:
- Бұрын онкологиялық емхана болмағанда Нұр-Сұлтанға жіберетін. Жол алыс, оның үстіне барған соң пәтер жалдау керек. Оны күткенше бір ай өтеді. Ауырып жүрген кісілер қиналатын. Қазір емхана ашылып, өте ыңғайлы болды. Алғыс айтамыз.
Ақ халаттылардың еңбегі ерен. Әсіресе соңғы екі жылда медицина мамандарына артылған жүк ауыр. Президент те әрқашан алғысын айтып келеді. Бүгін де айтты.
Президент Eurasia Group компаниясына да соқты. Мұнда әлемнің үздік ауылшаруашылық өнімдері сатылады. Салаға қажет техниканың бәрі бар. Ел нарығында 20 жыл. Енді қызмет көрсету орталығын іске қосты.
Алмас Қасымов, компанияның өңірлік дамыту бойынша директоры:
- Бұрын тұтынушыларымыздың техникасы сынып қалса, қосалқыларды шетелден күтіп отыратынбыз. Енді осы қосалқылар қоймада артығымен тұрады. Біздің тұтынушыларымызға, ауыл шаруашылығының иелеріне өте жеңіл болмақ. Олар қосалқыларды күтпей, келіп сатып алып, пайдалана береді.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Көкшетауда тек өндіріс, кәсіпорындардың саны ғана көбейіп жатқан жоқ. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Әсіресе Қопа көлінің маңы абаттандырылып, қасында жаңа үйлер бой көтеруде. Алдағы 5 жылда қалада 100 үй салынады. Президент бұл бағыттағы жұмысты оң бағалады. Сөйтіп, мемлекет халық алдындағы міндетін орындауы тиіс екенін айтты.