Байзақтағы жарылыстан зардап шеккен отбасылардың несиесі түгел өтелген
Бұл жайында Президентке облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. «Байзақ ауданында болған оқыс оқиғаның зардабын жою жөніндегі әкімнің есебін Президент телефон арқылы тыңдады», - деп жазды Facebook-парақшасында баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Жарылыстан 122 жылжымайтын мүлік қираған. Соның төртеуі – әлеуметтік нысан. Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, бүгінге дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жібек жолы ауылындағы қираған № 5 орта мектептің орнына жаңасы салынады. Жарылыстан жапа шеккен 26 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 15-і – әскери, полиция және Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкері. Қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіліп, зардап шеккендердің жұмыссыз жақындарын еңбекпен қамту қарастырылып жатыр. Банктерге берешегі бар отбасылардың несиесі түгел өтелген.
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да мәлімет берілді. Биылғы қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп 5,4%-ке, ауылшаруашылығы 3%-ке өскен. Қуаңшылық қыспаққа алса да, диқандар әр гектардан 15 центнер өнім алмақшы. Әкімнің айтуынша, өңірдегі вакцина алуға тиісті азаматтардың 72,5% егілген. Осындағы вакцина шығаратын зауыттың дайын өнімді құюға толық әзір екені де айтылды.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне бірқатар нақты тапсырма берді.